20-11-18 |
1340 рет қаралған
Алматыда «Құлагер» ұлттық кино сыйлығы табысталды
.
Қазақстанның кинематографистер одағы «Құлагер» ұлттық кино сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Сарапшылар комиссиясы 24 номинация бойынша жеңімпазды 60-тан астам қазақстандық фильмнің арасынан құпия дауыс беру арқылы таңдады.

Ең үздік фильм деп деп Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі танылды. Фильмде Ауғанстаннан Қазақстанға келген оралман отбасының тағдыры мен оралманның психологиясы, жергілікті халықтың оралмандарға деген көзқарасы көтерілген. Фильмде басты рөлді ойнаған актер Дулыға Ақмолда да «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясында жүлде алды. 

Фильм режиссері Сәбит Құрманбеков оралмандар жайлы кино түсіруге Азаттық сайтындағы Ауғанстанда ата-анасы совет билігінен қашқан, тек жарты ғасырдан соң тарихи отанына оралған этникалық қазақ – «Уәли командир» туралы мақала түрткі болғанын айтқан еді.

Сарапшылар комиссиясы «Айка» фильмінде басты рөлді ойнаған Самал Еслямованы ең үздік актриса деп атады. Биыл мамырда өткен Канн кинофестивалінде Еслямова әйел рөлін ең үздік сомдаған актриса деп танылған.

«Құлагер» сыйлығымен кинодағы түрлі сала өкілдері – оператор, дыбыс режиссер, суретші, композитор, гример, арнайы эффектілерді жасаушы, кинотанушы мен каскадер де марапатталды. Ең үздік каскадер деп биыл қарашада жеке шоуда өнер көрсеткен соң қайтыс болған Қасым Жұмағожин танылды. Сыйлық оның әкесіне табысталды.

Бұған қоса анимациялық және деректі фильмдер түсіретін кинематографистерге де табысталды. 

«Құлагер» ұлттық кино сыйлығын 2007 жылы Қазақстанның кинематографистер одағы құрған. Сыйлық жыл сайын табысталып келген. 2012 жылға дейін сыйлық жыл сайын тапсырылып, 2012 жылдан соң түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған еді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.