arasha.kz

Алматыда құжатсыз жұмыс істеп келеген стоматологиялар анықталды

Алматыда ерекше тәртіппен тексерілген 7 стоматологиялық клиниканың заң бұзғаны анықталды. Оның бесеуі тіпті құжатсыз жұмыс істеген, деп хабарлады Almaty.tv.
Ілес Оспанова 22 жылдан бері тісін тұрақты түрде бір клиникада емдетіп келеді. Ол үшін дәрігерлердің жылы қабағынан бөлек, әр сайманның таза болуы өте маңызды. Сондықтан клиникаға қанша жылдан бері қаралып жүрсе де, әр келген сайын құрал-жабдықтардың стерильді болуын қадағалап отырады.
«Саймандардың стерильденген болуы алдымен менің денсаулығым үшін аса маңызды. Өз басым, стоматологияны таңдағанда ондағы кабинеттің тазалығынан бастап, құралдардың санитарлық жағдайына дейін мән берем. Әр құралдың бір рет қолданылуын және қаптамасын көзімше ашуын талап етемін», – дейді Ілес Оспанова.
Өкінішке қарай, Ілес Оспанова секілді тұтынушылардың бәрі бірдей тазалыққа мән бере бермейді. Алайда, тісіңізге тиген құрал стерильденген болмаса денсаулығыңызға келер қауіп көп.
«Клиникамыз құралдарды стерильдеуді қатты қадағалайды. Дәрігерлер мен медбикелер ай сайын білім жетілдіріп, 5 жыл сайын аттестациядан өтіп отырады. Себебі тазалық дұрыс сақталмаса, сары ауру мен туберкулез секілді қауіпті аурулар жұғуы мүмкін. Сондықтан тіс емдеген кезде ақшаны аямау керек», – дейді алматылық стоматолог-дәрігер Алмагүл АҚЫЛБЕКҚЫЗЫ.
Стоматологтар осылай десе де, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексеріс жүргізген кезде қаладағы 7 бірдей стоматологиялық кабинеттердің заң бұзғанын анықтаған. Оның, бесеуі тіпті ешқандай құжатсыз жұмыс істеп келген. Зерттеулердің нәтижесінде, бұл стоматологияларға 176 мың теңге көлемінде айыппұл салып, бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылған.
«Тіпті дәрігерлер мен медбикелердің өзі вирустық гепатитте тексерістен өтпеген. Сондықтан, үш қызметкер жұмыстан шығарылған. Сондай-ақ, құрал-жабдықтар да дұрыс тазаланбаған»,- дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.
Дәрігерлер тіс емдеткенде сақ болуға шақырады. Егер стоматологиялардан заң бұзушылықтарды байқасаңыздар немесе қандай да бір шағымдарыңыз болса, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарласыңыздар.

Exit mobile version