«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Маңғыстау облысында жұртшылықпен, ауылдық округ тұрғындарымен, бастауыш партия ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Сондай-ақ, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексерді.
Асхат Оралов Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабекпен, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновпен және «Жер аманаты» комиссиясының өзге де мүшелерімен бірге Таушық ауылында Түпқараған ауданының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі және құнарсыздануы мәселелерін талқылады.
Ауыл ақсақалы Амангелді Жүнбасовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының мал жаятын жері болмай отыр. Ал, жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жұмысына үлкен үлес қосып келеді. Президенттің пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр. Соның нақты дәлелі: «Жер аманаты» комиссиясының атсалысуымен Маңғыстау облысында 240 000 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмысты еліміздің барлық аймағында жалғастырамыз», – деп атап өтті Асхат Оралов.
Өз кезегінде, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Еділ Жаңбыршин құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, прокуратураның өкілдері, партия депутаттары, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер кіретін комиссияның көмегімен сегіз өңірде мемлекет меншігіне 350 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылғанын атап өтті.
Бұдан соң, партияның Атқарушы хатшысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында 600 орындық мектептің құрылыс барысын тексерді. Жаңа білім ошағы «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында салынып жатыр. Биыл мектеп пайдалануға берілгеннен кейін, ауылда үш ауысымда білім беру және балаларды өзге ауылдардың мектептеріне алып барып отыру мәселесі шешіледі.
Сондай-ақ, Асхат Оралов Ақтау қаласының 19А шағын ауданындағы 432 пәтерлік көп қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Партияның сайлауалды уәделеріне сәйкес, тұрғын үй кезекте тұрғандарға, соның ішінде халықтың осал тобына бөлінеді.
Екі нысанда да құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуын және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын қадағалайтын партиялық бақылау бекеттері ашылғанын атап өткен жөн.
Сол күні «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы облыстағы бастауыш партия ұйымдарының басшыларымен кездесті. Бүгінде өңірде 16 мыңнан астам партия мүшелерін біріктіретін 102 БПҰ жұмыс істейді.
«Мұндай кездесулер аманаттықтарды толғандыратын мәселелерді біліп отыруға мүмкіндік береді. Себебі, бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Сонымен қатар, партияның жаңа Саяси тұғырнамасын әзірлеу кезінде қатардағы партия мүшелерінің пікірі ескеріледі. Бүгінде БПҰ-ны ірілендіру, олардың әлеуетін күшейту жөнінде жұмыс жүргізілуде. БПҰ бастамаларын қолдау мақсатында жергілікті жерлерде жобаларды іске асыру үшін партиялық жарналардың 20%-ын қайтарып беру тәжірибесін енгіздік», – деді Асхат Оралов.