05-12-18 |
1430 рет қаралған
Аппеляциялық сот Жұмаевқа шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Тelegram-чатындағы хабарламалары үшін үш жылға сотталған Абловас Жұмаевқа шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Апелляциялық соттың алқа төрағасы Ержан Қарабаев пен судьялар Абай Ізбасаров және Сәуле Өмірболатова шығарған шешімдерін түсіндіру кезінде «Ақылдаса отырып, соттың бірінші кезеңдегі үкім әділ әрі заңды болған деген келісімге келдік. Сотталушыны, оның үйі мен көлігін тінту кезінде ешқандай заң бұзылмаған деп санаймыз» деді.

Абловас Жұмаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева мұнан соң «Қалалық сот істің дұрыс тергемеген тұстарын аппеляциялық сот қайта тергей ме деп үміттендік. Жұмаевқа қатысты психологиялық-филологиялық сараптама дұрыс жүргізілмеген және айыптаудың барлығы «тінту кезінде сотталушыдан ҚДТ парақшалары табылған, онда билікті күштеп құлатуға шақыратын жолдар бар» дегенге ғана негізделген. Бірақ парақшалардың ешбірі сараптамадан өтпеген» деді.

Оқи отырыңыз: Әблязовке қарсы жауап бергендерді бостандыққа шығара ма?

Сүндетқалиева «Жұмаевтың жазбасында «шапырашты» және «адай» деген сөздер үшін оған ұлттық алауыздық туғызды деген және бір айып тағылған. Бірақ сараптама жасалса, жазбаның алауыздық тудыруға бағытталмағанын көресіздер» деп өтініш қайта жасады.

Бірақ аппеляциялық сот алқасы бұл өтініштерді қанағаттандырған жоқ.

Жұмаевтың өзі шешімге «разы емесін, міндетті түрде шағым түсіретінін» айтты.

Сот аяқталар тұста ол «Қазақстан тәуелсіздік алғанына 28 жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін өркениетсіз отырмыз. Әлі құдықтан су ішіп, тезек жағатынымыз өтірік емес. Өзімді кінәсіз деп санаймын және атымды қорғау үшін соңында дейін күресемін» деді.        

44 жастағы Абловас Жұмаевты Ақтау қалалық соты 20 қыркүйекте «әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптармен үш жылға түрме жазасын кескен еді. Оның 38 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиеваға да «билікті басып алуға шақырды» және «Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды» деген айыптар тағылып, қыркүйектің 24-інде соты басталған.

Абловас Жұмаевтың аппеляциялық шағымы қарашаның 8-інен бері қаралып жатыр.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.