14-11-18 |
1630 рет қаралған
Астана биржасында алғашқы саудаға «Қазатомөндіріс» акциясы шығарылды
.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында қарашаның 14-і күні алғашқы саудада «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының бағалы қағаздары сатыла бастады. Компания осы айда IPO бағдарламасына шыққан. Компания акцияларының 15 пайызын Лондон мен Астана қор биржаларына шығарған.

Осыған дейін «Қазатомөндірістің» бірден бір акционері болған «Самұрық-қазына» қорының ақпаратына қарағанда, биржаға шығарылған акция құны 451 миллион долларды құрайды. Бір акция құны ең төменгі баға – 11,60-15,40 доллар аралығында сатылымға шығарылған.

BCC Invest брокерлік компаниясының сарапшысы Асқар Ахметовтің Reuters агенттігіне берген пікірі бойынша, инвесторлар АҚШ Мәскеуге санкция салуы мүмкін деп қауіптеніп отырғанына байланысты «Қазатомөндіріс» акциялары төмен бағаға шығарылды. Сарапшы санкция мен экспортты шектеу шаралары «Қазатомөндірістің» стратегиялық серіктесі «Росатом» компаниясына да тиюі ықтимал екенін айтады.

«Самұрық-Қазына» сатылымға шығарылған бағалы қағаздардың 47,5 пайызын қазақстандық инвесторлар сатып алғанын, IPO-ға барлығы шетелдік 49, қазақстандық 16 компания және Қазақстанның 2700 азаматы қатысқанын хабарлады. Сұраныс ұсыныстан 1,7 пайызға асып түскен. Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов акциядан түсетін 450 миллион доллар Ұлттық қорға берілетінін айтты.

Әлемдегі уран өндіретін ең ірі «Қазатомөндіріс» компаниясының акциялары соңғы он жылда бірінші рет биржада жария сатылымға шығарылып отыр. Компания IPO-ға мемлекеттік ұлттық компанияларды жекешелендіру бағдарламасы аясында қатысып жатыр. Қазақстан билігі бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы, Air Astana және «Қазақтелеком» компаниялары активтерінің бір бөлігін сату жоспары барын мәлімдеген.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.