arasha.kz

Астанада Исламдық қаржы жөніндегі Халықаралық сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Бүгін Астанада Исламдық қаржы жөніндегі Халықаралық сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Айтулы жиынға Кеңес мүшелері мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржы саласы бойынша мамандары қатысты.

Айта кетерлігі, Халықаралық сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы Астанада осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін былтырғы жылдың наурыз және шілде айларында өткен басқосуларда білікті сарапшылар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО)  исламдық қаржы жүйесін реттеуге қатысты ережелерін талқылаған еді.

Жалпы, аталмыш кеңес АХҚО-ның тікелей бастамасымен құрылған болатын. Халықаралық сарапшылар кеңесінің басты мақсаты –  АХҚО-ның исламдық қаржы саласы жөніндегі нормативті-құқықтық құжаттарын әзірлеу, оларды сарапшылар назарына ұсынып, талқылау, АХҚО-ға жетекші исламдық қаржы және қаржылық емес мекемелерді, инвесторларды тарту болып табылады.

Кеңес құрамының қатарына исламдық қаржы саласы бойынша әлемнің білікті сарапшылары енген.

Исламдық қаржы жөніндегі Халықаралық сарапшылар кеңесінің үшінші отырысында сөз алған АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов өңірлік қаржылық хабтың исламдық қаржы саласын дамытуға қосатын үлесі жайлы атап өтті.

                «Осында отырған барлық әріптестеріме АХҚО-дағы исламдық қаржы жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін алғысымды айтқым келеді. Біз бұрынғы Кеңес Одағы аймағында исламдық қаржы саласы дамыған, алдыңғы қатарлы өңірлік орталыққа айналуды көздеп отырмыз. Алдағы Astana Finance Days шарасында біз Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия елдеріндегі осы саланың білікті мамандарымен жүздесіп, АХҚО-ның исламдық қаржы жүйесі бойынша мүмкіндіктерімен таныстырамыз. Қазіргі таңда аталмыш саланы реттеудің экожүйесі құрылғандықтан, енді біз бизнесті дамыту жолдарын қолға алып жатырмыз»,-деді Қайрат Келімбетов.

Исламдық қаржы жөніндегі Халықаралық сарапшылар кеңесінің төрағасы Дауд Викари Абдуллах та өңірлік қаржылық хабтың исламдық қаржы саласын дамытуға қатысты жұмысына жоғары баға берді.

«АХҚО исламдық қаржы саласын Қазақстанда ғана емес, жалпы өңірде дамытудың басты стратегиялық бастамасын қолға алып отыр. Бүгіннің өзінде орталық қыруар жұмыс атқарып үлгерді. АХҚО бұл ретте өзге қаржы орталықтарының осы салаға қатысты тәжірибесімен таныса отырып, Қазақстан мен Орталық Азияның мүддесіне сай келетін бағытын таңдап отыр. Орасан зор жұмыс атқарылды, болашақта Қазақстан исламдық қаржы жүйесі дамыған алдыңғы қатарлы ел болады деген сенімдемін»,-деді сарапшы.

Сонымен бірге, басқосу барысында кеңес мүшелері Қазақстанда исламдық қаржы саласын дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салып, исламдық қаржы қызметтерін ұсынатын арнайы компанияларды АХҚО-ға тарту мүмкіндіктерін талқыға салды.

Exit mobile version