ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстан аумағында қанша этникалық қазақ тұрып жатқанын айтты.
«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтініштеріне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», – деді Айбек Смадияров тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, этникалық қазақтар мәселесі Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің ерекше бақылауында.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Нақтырақ, 200-ге жуық этникалық қазақ. Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақтардың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият қайта тексеруді және қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз»,- дейді ол.