05-11-18 |
1730 рет қаралған
Қазақстан Қытайға «бірнеше нота жолдаған»
.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда ата-аналары қалған қазақстандық балалардың мәселесінен хабардар. Бұл туралы Азаттыққа министрліктің өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. 

Смадияровтің сөзінше, қазір министрлік балаларынан ажырап, Қытайда қалған қазақтар мәселесіне қатысты Пекинмен жұмыстар жүргізіп жатыр.

– Балалары Қазақстанда, өздері Қытайда қалған қазақтардың мәселесін білеміз. Дипломатиялық арналар арқылы бірнеше нота жолдадық. Аты-жөндерін де жібердік. Кейбір балалардың ата-аналарын білмейміз. Көмек керек болса, ресми түрде сыртқы істер министрлігіне хабарласса болады, – дедйі Смадияров. 

2 қарашада Қытайда ата-аналары қалған алпыс шақты бала Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. 

Бұған дейін Шыңжаңның түрлі аудандарынан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Алматыда кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамалған туыстарын босатуға биліктен және халықаралық қауымдастықтан араша сұраған. Қыркүйектің соңында Шыңжаңның Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген қазақтар өткізген жиында прокуратура өкілдері келіп, мұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы ескертіп кеткен.

Оқи отырыңыз: «Қытайда қамалғандардың балалары отбасына жіберілуі керек»

Қытайдағы этникалық азшылыққа қысым көрсетіліп жатқанынан өзге аз ұлттар өкілдері балаларының құқығы да халықаралық ұйымдардың назарына ілігіп, алаңдаушылық тудырған. Қытай елде «саяси-тәрбие лагерьлерінің» бар екенін мойындаса да, этникалық азшылыққа қысым жоқ деп келеді.

 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.