15-03-19 |
6130 рет қаралған
Ажырасудың бала психологиясына кері әсері үлкен.
Ажырасудың бала психологиясына кері әсері үлкен

Ажырасудың салдары ауыр. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың екіге бөлінуінен жазықсыз балалар зардап шегуде. Әлемдік статистикада ажырасу бойынша оныншы орында тұруымыз да айғайлап шүйіншілейтін жаңалық емес. Бұл Қазақстанның отбасылық құндылықтарды тым әлсіретіп алғанын көрсетсе керек. Дәстүрден алшақтаған ел бүгінде көгілдірлердің көбеюіне, тастандылардың өсуіне таңқалмайды. «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова ажырасқан отбасылардың 83 пайызында балалар бар екенін алға тартып отыр. Қанша баланың тағдыр талайына түсетінін осыдан-ақ пайымдай беріңіз.

Ажырасу ерлі-зайыптылар үшін отбасылық машақаттан құтылудың, әлеуметтік мәселелерді шешудің мүмкіндігіндей көрінетіні рас. Алайда, екі жаққа кететіндер ашумен жүріп кейде ұл-қызының ертеңін есепке алмайды. Мысалы қазір елімізде 400 мың әйел азаматының қолдауынсыз баласын өзі тәрбиелеп отыр. Сол сияқты 60 мың еркек те ажырасқаннан кейін ұл-қызына жалғыз өзі бас-көз болуға мәжбүр. Отбасы деген ер мен әйелдің үйлесімді одағы. Бірін-бірі толтыратын екі адамның тәрбиесін алған, жылуына шомылған бала ғана бақытты. Ал, жартыкеш отбасындағы балаларға ажырасудың әсері қандай болғанын ойлаған адам бар ма?

Біз сөзге тартқан психолог Арайлым Қоңқасова баласының тағдырына алаңдайтын ата-ананың сырт көзге тату тірлік кешіп жатқан бақытты отбасын бейнелегеннен гөрі, ажырасқан пайдалы екенін алға тартады. «Бізде басқалар не дейді, балаларым қалай қабылдайды? – деп алаңдап өмір бойы күйеуінің таяғын жеп, тепкісін көріп өтетін аналар аз емес. Мұндай жағдайдың бала психологиясына да оң әсер етпесі анық. Себебі, күнде ұрыс-керісті көріп, әкесінің қол көтергеніне куә болған бала ертең дәл осы  жағдайды қайталауы мүмкін. Әуелі мұны қалыпты дүниедей қабылдауы ғажап емес. Яғни, балалары үшін ажырасудан бас тартқандар ең алдымен өзінің өмірін құрбан етеді, сонымен бірге баласының да өміріне балта шабады» деген психолог одан гөрі отбасылық жарасымды тірлік бір қауызға сыймайтынын білген кезде бірден екіге кету екенін айтады. Жарайды, сынықты жамай бергеннен, жаңа өмірді бастаған дұрыс та шығар. Ал, жалғызбасты ананың асырауында қалған баланың жандүниесіндегі олқылықты қалай толтырған жөн?

Алматыдағы №166 балабақшаның тәрбиешісі Шынар Айдосқызы әкесіз баланың жалтақ, ынжық болатынын айтады. «Әсіресе, ұлдарға әкенің тәрбиесі керек-ақ.  Балалардың әкенің айбатын, ананың шуағын тең алмауы көгілдірлердің көбеюіне де алып келіп отырғаны шындық. Өйткені, баланың үйде де, сыртта да көретіні – әйелдер. Содан келіп әйел тектес еркектер өсіп жатыр» дейді тәрбиеші.

Алматы облысы Талғар ауданындағы мектеп мұғалімі Алтынгүл Сатымбайқызы да ынжық балалардың көптігіне қынжылыс білдірді. «Анасы тәрбиелеп жатқан балалар өте көп. Қыз балаларға оның әсері көп бола қоймас. Бірақ, ұлдардың жаратылысы мүлде бөлек қой. Қазір шашын бояп, құлағына сырғасын тағып, бұтына жабысқан шалбар киіп сызылып отыратын балалар баршылық. Өйткені, оларды үйде анасы, мектепте әйел мұғалімдер тәрбиелеуде. Білім ордаларында ер мұғалімдер жоққа тән» дейді тәжірибелі педагог. Яғни, ұл балалар табиғатының өзгеруіне қоғамның да кінәсі бар. Теңгерісді сақтағымыз келсе бізге білім, тәрбие саласындағы мамандықтарға ер адамдарды көбірек тарту керек. Ер балалар әйел мұғалімге айта алмаған сырын азаматтарға еркін айтатыны шындық. Жалғызбасты ана берген тәлімді осылай қоғам тарапынан толтырмасақ болмайды.

Бұлай дейтініміз, өміріне өкпелі әйелдердің еркектер туралы жақсы пікір айтпайтыны түсінікті. Мұның да ұл бала психологиясына ықпалы зор. «Сенің әкең алқаш, оңбаған, жатыпішер, оған ұқсама!» дегенді күнде қайталайтын әйелдер өміріндегі келеңсіздіктің барлығын ер азаматтармен байланыстырады. Бұл бірте-бірте ер-азаматтарды жек көруге алып келеді. Содан келіп баланың әйелдерге еліктеп, әйелге тән қылықтарды қабылдауы басталады. Мұндай балалардың миында «Әйел болған тамаша» деген түсінік мықтап бекиді. Жылдар бойы қалыптасқан бұл қағиданы содан кейін бұзып көріңіз.

Жалғызбасты аналарға еркектерше мәселе шешіп, төбелестің ортасында жүретін, батыл мінезді бала ұнамайды. Құрысын, одан да тыныш үйде отырсын дейді олар. Тіпті, «Балам қыз мінезді. Жанжалмен шаруасы жоқ. Араласатын достары да сондай тыныш балалар» дегенді қайта мақтаныш етіп айтады.  Мұның барлығы қызға ұқсас балалардың көбеюіне алып келеді. Ал, өзі секілді сызылған баланы қай бойжеткен ұната қойсын. Содан келіп түсіністікті өзі секілді «қыз мінезді» жігіттен табатындар саны артады.

Қазақстан заңдарында әйелдерге ерекше басымдық берілген. Ажырасқан кезде де аналар мүддесі алдымен ескеріледі. Осыны пайдаланған әйелдер баланы әкесіне жақындатпаудың, ұмыттырудың амалына кіріседі. Ал әкесімен қалғысы келетін балалар аз емес. Көгілдірлерді қолдан көбейткіміз келмесе заңдағы баптарды да қайта қараған дұрыс. «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененконың айтуына қарағанда, қазіргі таңда әкелердің отыз пайызы балалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айрылған. Ал шын мәнінде балалардың арасында әкесімен бірге тұруды қалайтындар қатары жыл сайын артып келеді. Тәжірибе әйелден ажырасқан ер адамдардың балаларына дұрыс тәрбие беріп, талапқа сай бағып, қаға алатынын көрсетіп отыр. Бірақ солай бола тұра бізде бұл мәселеде әйелдердің дегені болуда. Неге?

Гүлназ Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.