Күллі әлемге сүйкімі кеткен Кремльдің қожайыны Владимир Путин өткен жолғы сайлауалды саяси жолдауында әскери әлеуетінің әлемде теңдессіз екенін айтып кеудемсоқтық көрсетіп еді. Батыс ақпараты Путиннің мұнысын ашық агрессия деп бағалаған. Әрине, агрессор агрессия көрсетті. Экономикасы есеңгіреп, өндірісі өлімші болған Путиннің қару-жарақтан несі бар басқа? Сөйте тұра төртінші рет Президент болып сайланды. Әрине, сайланады. Төңірегіне түгел тірі өліктерді жиып ап, ішінен мені таңда деді. Жұртта альтернатива болды деймісіз…
Жә, әңгіме ол жайлы емес. Әңгіме Путиннің қару-жарағы әм оның сынақ алаңына айналған қазақ жері жайлы болмақ.
Ресей әуе-ғарыш күштерінің зымыран шабуылынан қорғаныс әскері Қазақстанда, Сарышағанда кезекті рет сынақ жасады. Зымыран шабуылына қарсы су жаңа қаруды сынақтан өткізді. Онысы сәтті өтіпті тағы. Ол жайлы Ресей әуе-ғарыш күштері әуе және зымыран шабуылынан қорғаныс құрылымы қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Андрей Приходько айтты журналистерге.
Зымыраннан қорғаныс жүйесінің сынақтан қашан өткізілгені және басқа да егжей-тегжейлі ақпарат тараған жоқ. Тек бір анығы – бұл қару Мәскеуді әуе-ғарыш шабуылдарынан қорғауға, сонымен қатар ғарыш кеңістігін бақылауға қолданылады екен.
Сарышаған полигонын Ресей жалға алған. Осы жерде нысанаға бағыттап зымыран атып ойнайды орыс әскері. Ең соңғы рет ақпанда сынық жасаған. Енді, міне… Алайда, оқ атуды ойын көрген «қызық» алаңдағы қасапхана қожайыны қазақтан жалдап алған жерде ойына келгенін істеуі керек пе?
Өкініштісі сол, орыс зымырандарынан, сынақтардан әлі күнге көз ашпай келе жатсақ та «қыңқ» демейміз. Себебі – географиялық жағынан көршіміз. 2011 жылдан бері Ресейдің бастамасымен Кедендік одаққа мүшеміз. Солтүстіктегі сұры жаман сол көршіміздің талай жыл үстемдік еткеніне әбден үйреніп те алғанбыз.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен жарысып қарулануды мақсат еткен КСРО 1950 жылдардан бастап әскери полигондарын қаптатып аша бастаған. Бір таңқаларлығы, Ресейдің осы әскери полигондарының басым бөлігін Қазақстан аумағында ашуы. Қазақтың кең даласы – Ресейдің үлкен полигон алаңына айналған және айналып отыр. Әрине, 1992 жылдан кейін қазақ даласындағы полигондардың аумағы әжептәуір азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион гектар жері Ресейдің әскери полигондары үшін жалға берілген.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет бола тұра өзінің аумағында, өзінің жерінде бөтен мемлекеттің 5 бірдей әскери базасын кіргізіп отыруы қауіп ойлатады. Ол жерлерде Қазақстанның үкімі жүрмейді және сөз болып отырған аймақ территориясы жағынан Польша секілді Еуропадағы ірі мемлекеттің аумағымен пара-пар аумақ. Қазақстанның тұтастай екі облысын қамтитын жер. Ол түптеп келгенде Қазақстанның жері. Жалға беру деген – ол меншікке беріп қою деген сөз емес.
Алдыңғы жылы бір ғана «Тайсоған» полигонын жабу туралы шешім шықты. Мәз болдық. Біреуі болса да жабылады деп.
Кезінде 90-жылдары Семей полигонын жапқанда, сонымен тоқмейілсіп, масаттанып жүрдік. Ал сол кезде Қазақстанның аумағында сондай 8 нысан, қосымша 6 әскери база болды. Шын мәнісінде соның біреуі ғана жабылды. Ол – Семей атом полигоны. Жабылғанның өзінде біздің мүддеміз еш есепке алынған жоқ. Ал Абай туған өлкеде қаншама жарылыстар болды,жарылыс -сынақтар табиғатқа айтарлықтай зиян келтірді, жергілікті адамдардың денсаулығына да әсер етті. Ал мұның зардаптарын жоюға Ресейден де АҚШ-тан да өтемақы төленбеді.
Ал жаңағы полигон аумақтарында не болып жатқаны (саяси тұрғыдан, жергілікті халықтың тұрмысы тұрғысынан) билік өкілдері мен құзырлы органдардан өзге қарапайым халыққа белгісіз, жұмбақ болып қалуда.
Ресей бізден зымыран ұшырады. Байқоңырдың гептилі өз алдына бөлек тақырып. Мысалы, Байқоңырдан ұшқан зымыран Балқаш маңына келіп құлайды. Бұл Қазақстанға қарсы қолданып отырған қарудың бір түрі ғана.
Осындайда «Орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын» дегенді де ескеру керек шығар…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Дереккөз: Abai.kz