02-10-18 |
2490 рет қаралған
Қазақстанда кейбір тауар мен қызмет көрсету бағасы едәуір қымбаттаған.
Қазақстанда жыл басынан бері бірқатар тауар мен қызмет көрсету едәуір қымбаттады деп хабарлады ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов. 2 қазанда Астанада үкімет отырысында сөйлеген Дәленов Қазақстанда ең көп қымбаттаған тауарлар дизель (38,2 пайыз), қызылша (18,3 пайыз), қырыққабат (16,7) пен көмір (15,2) және қала маңына қатынау жолақысы қызметі екенін айтты.

Вице-министр Қазақстанда инфляция деңгейі 5-7 пайыз аралығында деңгейде сақталатынын айтты. 2017 жылдың қыркүйегі мен 2018 жылдың қыркүйегі аралығындағы жылдық инфляция деңгейі 6,1 пайыз болған. Дәленовтің сөзінше, инфляцияның ұлғаюына көмір, дизель және АИ-92 маркалы бензин бағасының қымбаттауы едәуір ықпал еткен. Тұтас алғанда, 2017 жылдың желтоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда азық-түлік бағасы 2,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,3 пайызға қымбаттаған.

Дегенмен, жыл басынан бері бірнеше облыста кейбір тауарлар мен коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы 15 пайыздан 87 пайызға дейін қымбаттаған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында қоқыс жинау бағасы 87 пайызға (тамыз айында жан басына 115 теңгеден қыркүйекте 215 теңгеге), Алматы қаласында 62,2 пайызға (341 теңгеден 553 теңгеге) қымбаттады. Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ бағасы 25 пайызға, Қызылорда облысында орталықтан жылыту қызметтерінің бағасы 21,3 пайызға, Павлодар облысында қатты отын бағасы 15,3 пайызға қымбаттады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.