arasha.kz

ҚАЖК суицид жасаған сотталушы туралы жауап берді

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің өкілі Ғалымжан Хасенов “сотталушы Валерий Егоров өзге сотталушының өліміне байланысты тергелгеннен кейін өз-өзіне қол жұмсады” деген пікірді жоққа шығарды. 

 – Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Егімбаевтың өліміне (бұған дейін ЛА-155/14 қайтыс болған тұтқын – ред.) байланысты қылмыстық іске тартылған куәгерлер мен күдіктілерді… тергеу амалдары үшін тергеу изоляторына алып кеткен, – деді Хасенов Азаттық тілшісіне.

Хасеновтың айтуынша, сотталушы Валерий Егоров 1 қарашада кешкі сағат 5.15 шамасында мекеме изоляторынан асылған күйі табылған.

–  Оқиға орнына ішкі істер департаментінің тергеу-жедел тобы, сонымен бірге кезекшілер, медициналық-санитарлық бөлім қызметкерлері, Қапшағай орталық ауруханасының жедел жәрдем көлігі шақырылды. Дереу медициналық көмек көрсетілді – жасанды дем алдыру, жүрегіне массаж жасау – алайда сәл кейінірек [сотталушының] өлгені анықталды. Алдын-ала диагноз – тыныс алу жолдарының асфикциясы, асылып өлу, – дейді Хасенов.

Оның айтуынша, сотталушы Егоровтың суицид жасау факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның не себепті өз-өзіне қол жұмсағаны зерттеліп жатыр.

Хасеновтың сөзінше, Валерий Егоровтың психикалық жағдайы қалыпты болмаған, қыркүйек айынан бері түрмедегі психиатрия изоляторында жатқан.

Валерий Егоровтың өлімін құқық қорғаушы Марианна Гурина 2 қарашаға қараған түні Facebook-тегі парақшасында хабарлаған. Гурина парақшасында өз мәліметі бойынша «Егоровтың полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін асылып қалғанын» жазды. Гуринаның жазуынша, «Валерий Егоров тұтқын Қайрат Егімбаевті азаптау ісі бойынша куәгер болған» және «оны карантинде түрме қызметкерлері ұрып-соғып, кейін жарақатынан ауруханада қайтыс болғанын» айтқан.

Видео: Заречный түрмесі тағы бір азаптау дауына қалды

Қайрат Егімбаев биыл тамыз айында Қапшағай қалалық ауруханасында қайтыс болған. Бұл жерге оны Заречныйдағы түрмеден әкелген еді. Егімбаевтің туыстары колонияда оны соққыға жығып, азаптаған деп біледі. Туыстары түрме әкімшілігінің «Егімбаев 30 сантиметрлік биіктен құлап, жарақаттанып қайтыс болды» деген сөзіне сенбейтінін мәлімдеген.

Ал түрме басшылығы түзеу мекемесінде тұтқындарға зорлық-зомбылық жасалып тұрады деген айыптаулармен келіспейді.

Соңғы үш айда ЛА-155/14 түрмесінде үш сотталушы өлді. Бұлар: Қайрат Егімбаев, Валерий Егоров және Бауыржан Кабаев. Медициналық құжаттарға сүйенген Ғалымжан Хасеновтың айтуынша, Кабаев жүрек-өкпе ауруларынан қайтыс болған.

Azattyq.org

Exit mobile version