Мюллер өкілінің сөзінше, ол арнайы прокурордың беделін түсіру әрекеті туралы журналистерден білген. Журналистер бұл ақпаратты «арнайы прокурорды бопса жасады деп айыптау үшін өздеріне ақша ұсынылған әйелдерден» алғанын айтқан. Әйелдердің аты-жөні әзірге жарияланбай отыр. Кейбір мәліметтер бойынша, айыптаушы әйел 1974 жылы Мюллермен заң компанияларының бірінде жұмыс істеген. Әйел болашақ арнайы прокурор өзіне «әрқашан сыпайылық танытқанын» айтады.
Atlantic-тің хабарлауынша, әйелге Мюллердің беделін түсіру туралы ұсынысты радиожүргізушісі Джек Беркман жасаған. Ол әйелге қызметі үшін 20 мың доллар ұсынған. 21 қазанда ол әйел Facebook-тегі парақшасында арнайы прокурордың «өмір бойы әйелдердің артына түскенін» айтып видео жариялаған. Джек Беркман Atlantic журналының сауалына баспасөзге Мюллерді айыптағаны туралы хабарлаған әйелді танымайтынын айтқан. Радио жүргізушісі 1 қарашаға дейін «арнайы прокурордың бопса жасағанын растайтын» сенімді куәгерді көрсететінін айтқан.
Роберт Мюллер Ресейдің 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына ықтимал килігуін тергеуге басшылық жасайды. Бұған дейін Роберт Мюллердің тергеу қорытындысын қарашаның ортасында, Конгресске аралық сайлау өткен соң жариялайтыны хабарланған. Мюллер негізгі екі бап – президент Дональд Трамптың сайлауалды штабының Кремльмен ықтимал сөз байласуы және АҚШ президентінің әділ сот жүргізуге кедергі келтіруі бойынша тергеу қорытындысын жария қылады деп күтіліп отыр.
Мәскеу өзге елдердегі сайлауға киліккенін үзілді-кесілді жоққа шығарады.