arasha.kz

Бақтияр Артаев: АІВА-ның Өзбекстандық басшысы кетсін немесе АІВА жабылсын

«Астана арландары» бокс клубының бас директоры Бақтияр Артаев АІВА мен Қазақстан бокс федерациясының арасындағы түсініспеушілік бар, сол себепті «келеңсіз жайттар» болып жатқанын айтты. Ал «Арландардың» қызметкерлері таратылғанымен, клуб жабылған жоқ, уақытша ғана тоқтап тұр екен.

«Егер АІВА жабылып қалмаса, боксты олимпиада ойындарынан алып тастамаса, ары қарай жұмыс істеуіміз әбден мүмкін»,-деді клубтың бас директоры.

Сондай-ақ, ол қазір қазақ пен өзбек арасындағы бәсекелестіктің арқасында екі көрші елде бокс жоғары дамып кеткенін, тіпті кейде Куба боксшыларымен де санаспайтын жағдайға жеткенімізді айтты. Бокс саласының топ менеджерінің айтуынша, Қазақстанға АІВА қатты әсер етіп жатыр. Осы екі елдің бірі, яғни Өзбекстан өкілі АІВА басшысы болып отырғандықтан, көп әділетсіздік күтуге болады. Әсіресе олимпиада қарсаңында біз үшін бұл үлкен проблема.

«Астана арландарының» бас директоры бұған соңғы Азия және Әлем чемпионаты дәлел екеніне келісті. «Олимпиада келе жатыр. Сол себепті бұл мәселені қазір шешу керек. Менің жеке пікірім: не ол кісі кетуі керек, не ортақ адам қою керек. Болмаса, АІВА-ны жауып, басқа ұйым ашу керек. Сөзбен айту – оңай, іспен істеу – қиын. Бірақ, басқа амал жоқ»,- деді Бақтияр Артаев.

Сондай-ақ, ол боксты Халықаралық олимпиада комитетіне беруді ұсынды. Тәжірибелі боксшының айтуынша, онда бұра тартпайтын, ортақ көзқарастағы адамдар қызмет етеді.

Немесе, жаңа ұйым ашқан дұрыс болды деген пікірін білдірді. «Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жатқан ұйымдар тозды, көзқарастары ескі, және де біркелкі, қорықпаймын, ашығын айту керек, «бір қалтаға жұмыс істегенді жақсы көретін ұйымдар» деп айтсам да болады»,- деді.

Қазақ-өзбек болып таласып жүргенде боксты олимпиададан алып тастауы да әбден мүмкін екенін айтты. Дегенмен де, АІВА-ға сырттан адам қойып, мәселені шешуге әлі де кеш емес екенін білдірді.

Даңқты боксшының басқа да қызықты, өткір сұхбатын Open Ring youtube арнасына берген эксклюзивті сұхбатынан толықтай көруге болады:

Exit mobile version