arasha.kz

Аймағамбетовтың балабақша туралы да жоспары бар екен

ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік балабақшалардың үлесін арттырып, 6 жасқа дейінгі балдырғандарды 100 пайыз балабақшамен қамтуды жоспарлап отыр. Оған қоса алдағы уақытта ата-аналар балабақшаны өздері таңдайтын болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Бұл жоспарды жүзеге асырудың екі ерекшелігі бар. Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік балабақшалардың санын арттыру. Жекеменшік секторды дамыту қысқа уақыттың ішінде өз тиімділігін көрсетті. Екіншіден, ваучерлік тетікті енгізу. Ваучерлік тетік дегеніміз не? Қазір ата-ана кезегі келгеннен кейін баласын мемлекет ұсынған балабақшаға береді. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ваучерлік тетікті қолға алып отырмыз. Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған балабақшаны таңдай алады, – дейді министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдағы уақытта облыстық, қалалық және аудандық білім бөлімдері конкурс өткізіп, мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшалардың тізімін жасауы тиіс. Осыдан кейін ата-аналар мектепке дейін тәрбие беретін мекемелерді өздері таңдайтын болады. Министр бәсеке болған жерде сапаның да арта түсетінін айтады.

Exit mobile version