Қазір тұрғын үй нарығы күйіп тұрған заман. Бұл сала «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан сәттен тіптен қыза түсті десек те артық етпейді. Ал, Президенттің пәрменімен басталған мемлекеттік бағдарлама қолға алынғанда бұған дейін өз бетімен тұрғын үй тұрғызып, халыққа ұсынып келген жекеменшік құрылыс компаниялардың аяқ алысы мен болашақ бағдары қандай болмақ? Осы ретте киелі Маңғыстау өңіріндегі тұрғын үй нарығына белсене араласып жүрген «Ниет строй сервис» ЖШС және «Алма- реал partnership» құрылыс компаниясының директоры Сәнгүл Аманжоловамен сұхбат құрған едік.
– Сәнгүл ханым, құрылыс нарығында қанша жылдан бері еңбектеніп келесіз? Естуімізше, осыған дейін Ақтауда бірнеше баспананы аз пайызбен халыққа берген екенсіздер. Өзгелер екі асап қалуға тырысатын заманда не үшін мұндай қадамға барған едіңіз?
– Мен алғашында риэлторлық компания ашып, соның ісін қолымнан келгенше дөңгелеткен едім. Бұл 2015 жылдың наурыз айы болатын. Риэлторлық қызметті бәрі біледі ғой, біреудің үйін сатуға немесе сатып алуға көмектесемін дегендей. Алдыңа көптеген адам келеді. Сөйте жүріп көп нәрсеге қанықтым. Халықты баспана мәселесі қатты толғандырады екен. Елдің әлеуметтік жағдайы тікелей баспана жоқтығына байланысты екеніне көзімді жеткіздім. Бір қарағанда жаның ашиды. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Содан 2016 жылы бір байламға тоқтап, Маңғыстау өңіріндегі белді-беделді құрылысшы ағаларға бардым. Өзім көрген мәселелерді айтып, халықтың мүмкіндігі жоқ екенін, сондықтан бес жылға бөліп төлеуге үй берейік дедім. Қолымыздан келгенше қарапайым жұртқа көмегімізді көрсетсек, халықтың батасын алатынымызды жеткіздім. Осылай үй сұрап барғанымда Сұңғат Аңшыбаев деген ағамыз бетімді қайтарған жоқ. Менің сұрауым бойынша 30 пәтер берді. Сол үйлерді тұрғын үйге мұқтаж жандарға бес жыл бөліп төлеуге шығарып бердім. Талап бойынша жаңа пәтердің иесі алғашқы жарна ретінде негізгі құнның 30 пайызын төлеу керек, ал қалған 70 пайызынан 5 жыл ішінде құтылуы тиіс. Басында интернетке хабарлама таратқанбыз. Көңілде күдік те жоқ емес. Алайда, 30 пәтер пышақ үстінде бөлініп, лезде сатылып кетті. Тіпті, үйден құр қалғандар бізге ренжіп, «неге көбірек пәтер бөлмегенсіңдер» деп жатқанын да естідік.
Мінекей, осы жағдайдан соң болашаққа жоспар құра бастадым. Баспанаға деген сұраныс өте көп. Бірақ, барлығы халықтың көңілінен шықпайды, не болмаса қалтасы көтере алмай жатады. Азды-көпті тәжірибе жинақтам үлгердім. Енді батыл шешім қабылдап, іске кірісуім қажет. Содан не керек, 2016 жылдың аяғында көпқабатты тұрғын үй тұрғызу үшін ыңғайлы жер алуға бекіндім. Шынымды айтсам, ешкімнен ақыл сұрамадым, кеңеспедім. Көзімді тарс жұмдым да, ойға алған ісімді бастап кеттім. Әрине, адам баласы шын ниетімен игі іс бастаса жоспарлаған жұмысыңның тасы өрге домалап, қиюы келе кетеді екен. Қазіргі уақытта барлығына шүкіршілік етемін. Құрылысы қарқын алған тұрғын үйіміз бой көтеріп, 2-ші, 3-ші қабатқа жетіп қалды. Мұны біз жоғарыда өзім бастаған жобама орай 5 жыл мерзімге сатып жатырмыз. Сатып алушы тек қана пәтердің өз бағасын төлейді. Ешқандай пайыз, үстеме қоспаймыз. Біздің ұсынымызды тұрғындар қызу қолдап, көптеген келісімдер жасалуда. Барлығы ризашылығын айтып, өздеріне қолайлы жағдай туғызғанымыз үшін алғысын жаудырып жатыр. Сірә, бұдан артық бақыт жоқ шығар деп ойлаймын.
– Сонымен сіз қолға алған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қашан аяқталмақ?
– Әрине, мүмкіндігінше тездетіп құрылыс жұмыстарын аяқтасақ, сол үшін пәтерге зәру тұрғындарға тиімді болмақ. Ал, осы жылдың соңында бір көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Негізінде 16-шағын ауданнан 0,5 гектарлық екі жерден құрылыс бастадық. Бірінші болып сатып алушыларға берілетін тұрғын үй 11 қабаттан тұрады. Бұл үйде 180 пәтер орналасқан.
– Қазір жұртшылық мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, құрылыс компаниялардың өздерімен тікелей келісім-шартқа отырып, несиеге баспана алып жатыр. Мәселен, сіздер қандай пайыздық мөлшерлемемен бересіздер және әлеуметтік жағдайы төмен жұртшылыққа жеңілдік қарастырылған ба?
– Адамның бәрі баспананы арман еткенімен, оған екінің бірінің қолы жете бермейтіні рас. Оның үстіне алдымен әлеуметтік жағдайы төмен түрлі отбасылар келіп жатады. Біреуі көпбалалы болса, екінші бірі жалғызбасты, одан өзгесі мүгедек жандар дегендей… Барлығы өзінің жай-күйін түсіндіріп, небір өтініш айтатыны жасырын емес. Шыны керек, мұндай сәттерде баспананың алғашқы бекітілген құнын төмендетіп, барынша сатып алушыға ыңғайлы баға ұсынуға тырысамын. Тіпті, алғашқы бекітілген мерзімді 5 жыл емес, керісінше 7-8 жылға да созамын. Өйткені, біз халықтың әл-ауқатымен, тап қазіргі тұрмысымен санасуымыз қажет. Керек десеңіз, бар мұңын жеткізген жанды індете тексермеймін. «мынаның айтып отырғаны рас па, әлде өтірік пе» деген ой санама кіріп-шықпайды. Себебі, әрбір сатып алушының сөзіне сеніммен қараймын. Егер адамдар арасында бір-біріне деген сенім болмаса, онда қоғам да, атқарып отырған ісің де алға жылжымайды, ешқашан дамымайды. Ал, бізге келушілер өзінің шама-шарқына қарай кең көлемдегі үй аламын немесе одан кішірек пәтер аламын деп, таңдауына қарай сатып алады.
Осы ретте тағы бір қосарым, өмір болғасын адамның басынан түрлі оқиғалар өтіп жатады ғой. Кейбіреулер қайта келіп, «мынадай жағдай болып қалды, әрі қарай ақшамызды қайтып аламыз» дейтін кездер кезігеді. Ондай сәтте ешқашан тұтынушымыздың меселін қайтарған емеспіз. Кез келген орайда бұған дейін төленген барлық соманы бір тиынына дейін қалдырмай қайтарып беремін. Бұл да халықтың бізге деген сенімін күшейтеді деген ойдамын.
– Сіздерде нарық бағасына сәйкес үйдің шаршы метрі қаншадан?
– Біздің бағамыз бойынша пәтірдің 1 шаршы метрі 120 мың теңгеге тең. Мұндай баға халықтың қалтасына сай келеді деп есептеймін. Әрине, 2016-2017 жылдары 150-160 мың, тіпті 180 мың теңгеден сатылған кездер болған. Бірақ, қазір ондай бағаны алып тастадым. Қалтама артық пайда түспесе де баспанаға мұқтаж жандар үй алып, қоныс тойын тойласын, баспана бағының тәтті сезімін сезінсін деген ойға бекідім. Бар мақсатым – халықтың алғысын алу.
– Өзіңіз жақсы білесіз, жақында ғана «7-20-25» бағдраламасы іске қосылып, құжат қабылдау басталды. Алғашқы несие де берілді. Кейбір сарапшылар тұрғын үй нарығындағы баға құбылуы мүмкін дейді. Құрылыс компаниясының басшысы ретінде сіздің айтарыңыз қандай?
– Мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамту үшін түрлі бағдарламалар қабылданып жатса, неге қуанбасқа?! Себебі, елміздің әрбір тұрғыны тұрғын үйдің зардабын тартпай, кез келгені басына баспана ала алса, елдігіміздің айғағы ғой… Әрине, «7-20-25» бағдарламасына үміт артқандардың міндетті түрде ресми табыс көзі болуы қажет. Көптеген құжат жинайтыны тағы бар. Әрі ипотекалық бағдарлама бойынша несиеге үй беретін банкке құрылысы аяқталған пәтер қажет. Ал, менде әлі де құрылыс жүріп жатыр. Бірақ, менің тәжірибемде мұндай игі бастама 2016 жылы басталып кеткен болатын. Ешқандай пайыз қосылмайды. Үйдің бағаланған қаржысының белгілі пайызын алдын ала төлейді, қалғанын асықпай 5 жыл ішінде өтеп бітуі шарт. – Енді үй сапасына тоқталсақ. Осы нарықтағы әріптестеріңіздің салған баспаналарына көңіліңіз тола ма және өздеріңіз сапаға қаншалықты мән бересіздер?
– Қай құрылыс компаниясын алмаңыз, өзі тұрғызған үйдің сапасын жаман демейтіні ақиқат. Нарық заңдылығы да солай. Өзінің тауарынан титімдей мін көретіндерді кезіктірмеппін. Бірақ, әркім өзі үшін жауап беруі қажет. Сондықтан мен үйдің сапасына қатты мән беремін. Себебі, құрылысы аяқталған үйлер уақытша, іс бітті, қу кеттінің керін келтіретін дүние емес қой. Күні ертең бір жері құлап, ұшып кетіп жатса елден ұят қой. Тұтынушылар саған сеніп бар қаржысын салады, одан әрі қалғанын бөліп төлейді. Ал, сіздің өніміңіз оған сай болмаса жұртты алдаған болып шығасың. Біз бетонды қолдан құямыз. Оның өзіне тән кебетін уақыты бар. Іргетасы мықты үй кез келген жағдайға төтеп бере алатыны сөзсіз. Сондай-ақ, сату бөлімінде ешкімнен ештеңе жасырмай барлығын ашып көрсетеміз. Онда барлығы тайға таңба басқандай бедерленіп тұр. Қандай цемент, қандай құм, қандай арматура кетті, бәрі-бәрін тұтынушыға айтып береміз. Егер тек ақшаны ғана көздесең тез-тез тапсырып, құтылып кетуге болады. Алайда, болашақта тірнектеп жинаған абыройың мен беделіңе көлеңке түсері хақ.
– Тұрғын үй нарығын ретету үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Ең бірінші айтырым, қазір көптеп салынып жатқан элиталық үйлерді халықтың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, жұрттың шамасы жететіндей тұрғын үйлерді көбейтуіміз шарт. Ал, жекелеген құрылыс компанияларына мемлекет тарапынан қолдау білдіріліп, қаржы бөлінсе нұр үстіне нұр болатын еді. Мәселен, маған сондай қолдау танытса сөзсіз 150-200 баспананы жергілікті әкімдікке беретін едім. Бұл үйлерді жетім-жесір, көпбалалы және жалғызбасты отбасыларға таратып, сауап алуға болады. Себебі, менің өзім де баспана зарын бір кісідей тартқан жанның бірімін. Шешеміз өмірден ерте өтіп кетті, өзім ол кезде жас едім. Пәтер жалдап тұрдық, біреумен қоңсылас та болдық. Сонда ойлайтынмын, «неге кейбіреулердің қос-қостан пәтері бар, неге өзгелерде жоқ» деп. Неге біз онсыз да жағдайы жақсы адамды байытып, пәтеріне ақша төлейміз деген сұрақ маза бермейтін. Ал, біз ұсынған шарттар арқылы жұрт осындай қиындықтардан құтыла алады. Қалған қаржыны 5 жылға бөліп төлесе де, соңында үй өзінің атында қалады.
Сөзімнің соңында айтарым, халықтың алдына адал еңбегің, табан ақы маңдай теріңмен шықсаң бетің ашық, жүзін жарқын болады. Қай салада жүрсек те әуелі қалта мен құлқынның қамын емес, халықтың жайын ойлауымыз керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!