05-12-18 |
1320 рет қаралған
Баркөлден келген қазақтар Қытайдағы туыстарына араша сұрады.
«Атажұрт ерікті жастары» тіркелмеген ұйымының Алматыдағы кеңсесінде Қытайдың Құмыл аймағына қарасты Баркөл ауданынан Қазақстанға қоныс аударған отызға жуық адам жиналып, Қазақстан билігінен «Қытайда қамауда отырған» туыстарына араша сұрады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін Баркөл ауданы саяси үйрену лагеріне қазақтар ең аз қамалған өңір болған. Олар «ауданда екі жылда 300-дей адам ғана қамауға алынғанын, бірақ соңғы бір аптаның ішінде бұл сан 200-ге күрт өскенін» айтады.

Жиынға қатысушылардың бірі – Айбек Жапайұлы «2017 жылы осындағы анам мен әкемді Қытай шақыртып еді. Сонда жеткен соң анамды саяси үйрену лагеріне жіберіпті. Әкем қазір үйқамақта, ешқайда шыға алмайды. Олардың жазығы – Қазақстанда тұратын балаларының қолына келіп, немерелерін баққаны» дейді.

Қарай отырыңыз: «Туыстары Қытайда қамалғандар» қалай күнелтіп жүр

Баспасөз жиынан кейін белсенділер Қазақстан билігі мен халықаралық адам құқықтары ұйымдарынан араша сұрап, үндеу оқыды. 

Шыңжаң ұйғыр автономиялық облысы Құмыл аймағына қарасты Баркөл ауданында 90 мыңдай адам тұрады. Оның 21 пайызы, яғни мыңға жуығы – қазақтар. Бұған дейін «туыстарымыз Қытайда жазықсыз қамауда отыр» деп Қытайдың Дөрбілжін, Сауан, Күнес, Шапшал, Боратола, Толы секілді бірнеше ауданы мен Шәуешек қаласынан көшіп келген қазақтар жиын өткізген.

2017 жылдың сәуірінен Қазақстан ақпарат құралдарында Қытай қазақтарының қысымға ұшырағаны туралы жиі айтыла бастады. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінен Қазақстанға қоныс аударған қазақтар Қытайда қамалған туыстарына араша сұрап бұған дейін де бірнеше рет жиын өткізген. Олар Қазақстан билігі мен халықаралық ұйымдардан Қытай билігінің туыстарын босатуына ықпал етуін сұрайды.

Қытай этникалық азшылық өкілдерін саяси лагерьлерге топтап қамайтыны жайлы Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен түрлі елдердің баспасөзі жазып келеді.

Қазанның 16-сына Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир «осындай орталықтардың арқасында аймақ діни экстремистік әрекеттерден аман қалғанын, қазір жағдайдың қауіпсіз әрі тұрақты екенін» айтқан. Закирдің сөзінше, мұндай орталықтарда отырғандар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі) меңгеріп, заманауи ғылым үйренеді. Саяси лагерьлерді «тегін кәсіп үйрену орталықтары» деп сипаттаған шенеунік мұнда «мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де» айтқан.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.