31-10-18 |
2310 рет қаралған
Батыс елдері: Донбасста сайлау өткізу Минск келісімін бұзады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Батыс елдерінің ұсынысымен Украина шығысындағы қақтығысқа қатысты кезектен тыс отырыс өткізді. Жиында өзін-өзі жариялап алған Донецк және Луганск «халық республикаларында» өтетін сайлау жайы талқыланды. Отырыс басталар алдында Ресей талқылауға «Луганск халық республикасы Орталық сайлау комиссиясының» басшысы Елена Кравченконы шақыруды ұсынды. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің басқа мүшелері оған қарсы болды.

Батыс елдері Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аймақтарда сайлау өткізу Минск келісіміне қайшы келеді деп біледі. Швеция өкілі Улоф Скуг Ресейдің Украина шығысында жасап отырған ісі – Еуропа шекарасын қайта бөлуге талпыну деп мәлімдеді. Ол Ресейді сайлауды өткізбеу үшін өз ықпалын пайдалануға шақырды. АҚШ өкілі Джонатан Коэн АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Украинаның аумақтық тұтастығы 2013 жылға дейінгі қалпына келтірілмейінше жойылмайтынын мәлімдеді.

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Минск келісімі «республика» басшысын сайлауға емес, муниципалдық сайлау өткізуге тыйым салатын айтты. Ол сонымен қатар Киевті келісімді бұзып отыр деп айыптап, Украинаның «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасының» ерекше мәртебесі туралы заңы Минск келісіміне қайшы екенін айтты.

Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Олег Николаенко Донбасстағы сайлау ресейшіл көңіл-күйдегі сепаратистердің аймақтағы жағдайды шиеленістіруіне сылтау болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Украиналық дипломаттың сөзінше, Ресей Украинаның Азов теңізінде кеме қатынасын жүргізуіне қауіп төндіріп отыр. Ол сонымен қатар Ресейді Украина шығысындағы қақтығыс аймақтарына аннексиялап алған Қырым түбегінен қару-жарақ жеткізіп отыр деп айыптады. Николаенко Мәскеудің түбекте ядролық қару орналастыруды жоспарлап отырғанын да хабарлады.

Украинаның шығысында бірнеше ауданды бақылайтын ресейшіл сепаратистер 11 қарашада өзін-өзі жариялап алған Донецк және Луганск «халық республикаларының» басшыларын сайлауды және «парламент» сайлауын өткізуді жоспарлап отыр. Донбасстағы қақтығысты реттеу жөніндегі байланыс тобындағы Украина өкілі Ирина Геращенко осыған байланысты Мәскеуді Украина шығысындағы жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп айыптады. Мәскеу Украинадағы қақтығысқа қатысын жоққа шығарады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.