09-10-18 |
2000 рет қаралған
Bellingcat: «Александр Петров» – әскери дәрігер Александр Мишкин.
The Insider мен Bellingcat зерттеу тобы Ұлыбританияда Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге қастандық жасады деген екінші айыпталушы «Александр Петровтың» шын мәнінде Ресей қарулы күштері бас штабының қызметкері, әскери дәрігер Александр Мишкин екенін анықтады.

Зерттеушілер мәліметінше, Мишкин 1979 жылы Архангельск облысының Лойга ауданында туған. Әскери академиялардың бірінен медициналық білім алған. Оқып жүрген кезінде Ресейдің бас барлау басқармасында жұмыс істеу ұсынылған. 2010 жылы Мишкин Мәскеуге көшіп барған. Онда ол Александр Петров деген жаңа құжат алған. Петровтың туып-өскен жері, білімі туралы мәлімет Мишкиннің өмірбаянымен сәйкес келеді.

Bellingcat пен The Insider Мишкиннің кім екенін шын мәнінде оны жақсы білетін «дереккөздер» арқылы анықтағанын айтады.

Қыркүйектің басында Ұлыбритания билігі биылғы наурыздың 4-і күні Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жүйкені жансыздандыратын аса улы зат қолдануға күдікті саналатын екі ер адамның бейнебақылау камерасы түсірген фотосуретін жариялаған. Полиция мәлімдемесінде ол екі адамның Ұлыбритания аумағына «Руслан Боширов» және «Александр Петров» деген ресейлік азаматтарға берілген паспортпен келгені айтылған.

Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: «Руслан Боширов» – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига»

Ал «Петров» пен «Боширов» RT телеканалына өздерінің «қарапайым кәсіпкерлер» екенін, Солсбериге «турист ретінде барғанын» мәлімдеген.

Мәскеу Сергей мен Юлия Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы барын жоққа шығарады. Ресей президенті Владимир Путин «Петров» пен «Бошировты» «қарапайым адамдар» деп атап, олардың ісінде «ешқандай қылмыс жоқ» деп мәлімдеген.

Bellingcat тобы қазанның 9-ы күні британ парламентінің қауымдар палатасында Солсбериде Скрипальдерге жасалған қастандыққа күдікті Петровтың шын аты-жөні жарияланады деп хабарлаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.