Қорды құрған Дина Смаилованың айтуынша, олар «Зорлық-зомбылықтың шынайы статистикасы» деп аталатын акция аясында депутаттарға Қазақстан заңдарына әйелдер мен балаларды зорлықтан құқықтық тұрғыдан қорғайтындай өзгерістер енгізуге шақырады. Ол Қазақстанның тұрмыстағы зорлық, жыныстық зорлық және жыныстық бопсалау туралы заңдары жетілмегенін, бір-біріне керағар түстары көп екенін және әйелдер мен балаларды жеткілікті қорғай алмайтынын айтады.
Белсенділер Әділет министрлігі, Жоғарғы сот, президент әкімшілігі және Бас прокуратураға заңға өзгерістер енгізуге қатысты нақты ұсыныстары жазылған хат пен зорлық көрген баланы бейнелейтін жұмсақ ойыншық жолдады.
Белсенділер хатын алуға шыққан мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазір зорлық-зомбылық көру істерінде жәбірленуші мен жауапкер тараптың бітімге келуіне мүмкіндік туғандықтан іс бітіммен аяқталып жататын жайттар да барын айтты. Ол заңдағы зорлық көру ісінде жәбірленуші мен айыпталушы жақтың бітімге келуіне рұқсат беретін ережеге қарсы екенін, белсенділердің оны жою ұсынысын қолдайтынын айтты.
Тыңдай отырыңыз: Зорлыққа қарсылық
Қарашаның 25-інен желтоқсанның 10-ына дейін әлемде БҰҰ-ның ұйымдастыруымен «Зорлықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өтіп жатыр.