Білімді ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімнің басты міндеті. Ал білгенін ел мүддесіне жарататын ұрпақ қалыптастыру мемлекеттің негізгі мақсаты. Жастар – елдің ертеңі болғандықтан, келешегіне алаңдаған халықтың білім саласына қамқорлық жасап, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге талаптануы орынды. Жыл сайын білім саласындағы реформалардың жаңғырып, талаптың өсуінің де артында осындай маңызды мәселе тұр. Осыған орай, жаңа бастамалардың қаншалықты қолдау тапқанын білу үшін Алматы облысы Талғар ауданындағы № 21 орта мектептің директоры Қуан Айтбаевты сөзге тартқан едім.
– Қуан Күшбелдекұлы, басқа салаларға қарағанда білім мен медицинадағы өзгерістердің бірден көзге көрініп, жиі сөзге ілігетіні белгілі. Халықтың назарында тұрған білім саласындағы бүгінгі бастамалар өзін ақтай алды ма?
– Білім саласындағы реформалар тақыр жерден пайда болған жоқ. Бұл жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен сала мамандарының тірнектеп жасаған жұмысының нәтижесі. Өзгерістің өзі жоспарланбай жасала салмайды. Оған бір себеп керек. Қазіргі білім беру әдісінде кемшіліктер болған кезде, қорытындылар көңілден шықпаған кезде сапаны көтеру үшін, білім беру ісіне жан бітіру үшін реформалар жасалуы мүмкін. Яғни, бұл қажеттілік. Әрі мұндай іске «көлденең келген көк аттылар» тартылмайды. Осы саланың білгірлері, үздіктері ғана тартылады. Сонымен бірге, өзгерістер өзге озық елдердің тәжірибесін таразылай отырып, өзіміздің менталитетіміз ескеріле отырып жасалады. Бұған қоса, сынақтар алдын ала тексеріліп, балалар білімін көтеретіні, елдегі сауаттылықты жоғарылатуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз дәлелденгенде ғана жаппай қолданысқа енгізілетінін ескергеніміз жөн. Ал енді оның өзін-өзі ақтайтынын, ақтамайтынын дәл қазір айту мүмкін емес. Өйткені, жаңа бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқанымызға аз ғана уақыт болды. Оның нәтижесін көретін кез алда.
– Білім саласы жиі сын садағына ілініп жатады. Бұл нені көрсетеді?
– Сынның болғаны жақсы. Бірақ, өзің білмейтін, түсінбейтін саланың жұмысына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей негізсіз сын айту әділетті деп айта алмаймын. Керек десеңіз, осындай дәлелсіз дәйектер жүйенің алға жылжуына кесірін тигізеді. «Ой сол мұғалімді қойшы, біздің мектептерде білім бар дейсің бе?» деп отыратындардың көбі қазіргі мектептердің хал-ахуалынан мүлде хабарсыз. Көпшілік білім саласына қауесет сөзге қарап баға беруде. Осындай пікірді естіген баланың білім алуға ықыласы қайдан болсын! Ата-анасының сөзіне көбірек ден қоятын бала ұстазын да сыйлай бермейтінін көзіміз көріп жүр. Өйткені, бізде бала тәрбиесіне қатысты мәселенің бәрін мектептен, мұғалімнен көретін дағды қалыптасты. Күні бойы өз шаруасымен жүретін ата-ана өзінің бір-екі баласының бос уақытын қалай өткізіп жатқанын бақылай алмай отырып, мұғалімнен отыз баланың тәртібіне жауап беруді талап етуде. Осы қаншалықты дұрыс? Қазіргі ата-аналар тәрбие дегенді баланы қатарынан қалдырмай киіндіру, тамағын тоқ ету, қыдыратын жағына жіберу деп түсінеді. Ал, ұл-қызымыз білімді болсын десек мектеп пен отбасылық одақтың бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Мұғалім мен ата-ана бірін-бірі сынамай, керісінше, бірін-бірі толықтырып тәрбие бергені абзал. Сонда ғана жұмыста оң нәтиже болады.
Қазір мектеп бағдарламасына қатысты да пікір айтушылар көп. Солардың басым бөлігі педагогикадан хабары жоқ, мектептің жұмысынан бейхабар жандар. Сыртта отырып алып бірі «этика» деген сабақ оқытайық десе, екіншісі «жоқ, баламыздың ойы ұшқыр болуы үшін логиканы»ә меңгерткен дұрыс дейді. Енді бірі «құқықтану деген сабақ бірінші сыныптан бастап енгізілсе» десе, екіншісі «Жоқ, өйтіп балалардың басын қатырмайық, одан да биліктегілер айтып жүргендей қытай тілін меңгертсек» дейді. Қанша адам болса сонша пікір бар. Және бала тәрбиесінде жетіспейтін дүниелердің бәрін ата-аналардың қалауы бойынша пән етіп кіргізе берсек, баланың басы атала болмай ма? Білім саласынан тек кемшілік көріп тұратындар қандай да бір ұсыныс, пікір айтпас бұрын баласының жағдайын, ертеңін ойласа жақсы еді.
– Жаңа бағдарламаның ерекшелігі неде?
– Бұл әрине, сапалы білім мен іскерлікті талап ететіні жасырын емес. Ал оқушыға сапалы білім беру, сабаққа ынтасын арттыру, құзыреттілігін қалыптастыру мұғалімнің қолындағы шаруа. Ұрпақ болашағы білім шаңырақтарынан бастау алады. Ел ертеңі – өзіміз оқытып, тәрбиелеп отырған мектеп оқушылары. Қазіргі білім беру үрдісінде оқытудың соңғы тәсілдерін игерген, шығармашыл, педагогикалық шеберлігі жетілген, үйлестіруші мұғалім ауадай қажет. Заман талабына сай жаңартылған білім беру бағдарламасы да ұрпақ үшін тың серпін, тың бағдарлама болып отыр.
– «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» , – деп ұлы педагог К.Д.Ушинский айтқандай, мұғалім үнемі білімін жетілдіріп, өзін-өзі дамытып отырса, білім саласына қосқан үлесі де зор болмақ. Мектебіңізде мұғалімдер толық жаңартылған білім мазмұны бойынша курстардан өтті ме?
– Әрине, бұл жайында ауыз толтырып айтуға болады. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінде жаңартылған білім беру мазмұнын игертуге, мұғалім білімін жетілдіруге байланысты курстар өткізіліп жатыр. Әр пән бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылып жатқандығы ұстаздар қауымын қуантады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымы, мақсат-міндеттері, педагогикалық әдіс-тәсілдер, критериалды бағалау жүйесін үйреніп келген ұстазда бар білім, күш-жігерін аямай еңбек етуде. Болашақта әр мұғалім үйренген әдіс- тәсілдерді өз сабағында жан-жақты қолданып, келешек ұрпақтың санасына құюға сүбелі үлес қосады деген ойдамын.
– Қалаға жақын аудандардағы балалардың жақын мектепке барғаннан гөрі, қатынап білім алғанды тәуір көретіні байқалады. Мұның астарында Алматыдағы мектептердің білім сапасы жоғары деген пікір жатқан жоқ па?
– Республикадағы барлық мектеп бір оқу бағдарламасымен білім береді. Сондықтан, баласының ертеңіне алаңдаған ата-ана мектепті емес, мұғалімді таңдауға күш салуы керек. Біздің мектептің мұғалімдерінің білімі ешкімнен кем емес. Қаншама жоғары санатты, тәжірибелі мамандар бар. Олардың тәлімін алған талай шәкіртіміз халықаралық байқаулардан, олимпиадалардан топ жарып, мектебіміздің атын шығарып жатыр. Жоғары оқу орындарына өз күшімен түсіп, білім грантын ұтып алған шәкірттеріміз де баршылық. Біз осындай ұстаздарымызбен, шәкірттерімізбен мақтанамыз. Ал енді қала мектептерін таңдаудың өзіндік себептері бар. Біріншіден, кейбір ата-аналар баласын үнемі көз алдында ұстап, бақылап отыру үшін жұмысының жанындағы мектепке беріп, сол жерден қосымша сабақтар алып, кешке үйге бірге қайтып жатады. Яғни, мұны қажеттілік, ыңғайлылық үшін жасалған деуге болады. Екіншіден, кейбір ата-ана «балам Алматыдағы бәлен деген гимназия, лицейде оқиды» деген дақпырт үшін басқа мектептерге таңдау жасайды. Мұндай жандарды баласының таңнан тұрып, ұйқысын бөліп, қалаға қатынайды қызықтырмайды. Шындығында, бүгінгідей көлік кептелісінің мәселесі шешілмей отырған тұста таңғы сегіздегі сабаққа үлгеру үшін баланы бестен тұрғызуға тура келеді емес пе? Сабақ аяқталған соң үйге жету үшін де аз уақыт кетпейді. Баланың қауіпсіздігі мүлде бөлек әңгіме. Себебі, кез келген отбасының әр баласына жеке жүргізуші жалдап, шығарып салып, қарсы алып, жолдан өткізіп отыруға жағдайы жоқ. Яғни, шетке қатынап оқыған баланың кемі 3-4 сағаты жолға, кептеліске кетеді. Осы уақытты одан да тиімді бір жұмысқа, баланың тынығып, өзі қалаған дүниесімен айналысуына жұмсаса болмас па еді. Көп ата-ана мұны түсіне бермейді.
-Әңгімеңізге рақмет!
Алтынкүл Сатымбайқызы,
Алматы облысы Талғар ауданы № 21 мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024