Ала жаздай күн астында бел жазбай еңбек еткен шаруа қауым үшін биыл ырысты, берекелі жыл болғаны анық. Бұл ретте жамбылдық диқандар биыл жүгеріден мол өнім жинады.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, үстіміздегі жылы 15 702 гектар алқапқа жүгері тұқымы себіліпті. Жүгері алқабынын көлемі жағынан Қордай ауданы көш бастап тұр. Қордайлық диқандар 7412 гектар алқап ексе, байзақтықтар мен жамбылдықтардың еншісіндегі 2000 гектар алқапта дақылдың дәл осы түрі жайқалып тұр.
–Жүгері негізінде мол өнім беретін дақыл. Күтімі жақсы болған жағдайда гектарына 10 тонна жүгері дәнін жинап алуға болады. Өткен жылы облыста 14 мың 400 гектар алқапқа егілген «дала аруы» тұқымынан 94-95 мың тонна өнім алынды. Сонымен бірге, мемлекет есебінен жүгері алқабына себілген тұқымды субсидиялауда қарастырылған. Тұқымды субсидиялау Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесі бойынша жүргізіледі. Аталған тізімдеме де жүгері тұқымдары аймақтық ерекшеліктерге сай берілген. Мәселен, біздің облыс диқандары бұл дақылдың «Агристер», «ДК 636», «Доллар» сынды түрлерін еккен жағдайда тұқымға кеткен шығынның 70 пайызы субяидияланады. Бұл шаруалар үшін мол көмек, –дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқарамасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев.
Ал, Жамбыл ауданындағы «Қызыл дихан» өндірістіктік кооперативінің жетекшісі Нуриддин Бегманов жүгері алқабын жыл санап көбейтіп жатқандығын айтады.
–Сырт көзге жүгері дақылының күтімі оңай болып көрінеді. Шындығында олай емес. Бұл саланың да өз қиындықтары бар. Мәселен жүгері ылғалды жерде жақсы өнім береді. Сондықтан да, бір маусымда алқапқа кемінде 4 рет су жіберіледі. Алқап тұқым себілерден алдын арнайы химиялық тыңайтқыштармен өңделеді.
Биыл 100 гектар алқапқа осы дақылдың тұқымын септім. Қазан айының алғашқы күндерінен бастап өнімді жинауға кірістік. Қазір гектарынан 500-700 центнерден өнім жиналуда. Жасыратыны жоқ осы жылы судан сәл тапшылық көрдік. Әйтпесе, өткен жылы гектарына 10 тоннадан өнім алғанбыз. Соған қарамастан жыл санап өнімнің осы түрін егу көлемін арттырып жатырмын. Былтырғы жылы 70 гектар жерге дақылдың осы түрін егілді. Биыл егіс алқабының көлемін 100 гектарға дейін көбейттік. Келесі жылы жүгеріні 150 гектар жерге егуді жоспарлап отырмыз.
Жиналған өнім жергілікті жердегі құс фермалары мен мал бордақылау алаңдарының сұранысын өтеуге жұмсалады,– дейді «Қызыл диқан» өндірістік кооперативінің жетекшісі Нуриддин Бегманов.
Жүгерінің жайын білетін жамбылдық шаруалар осылайша алқап көлемін арттырып, мол өнім жинауда. Өз кезегінде, өнімді өткеру мәселесі де өз шешімін табады деген ойдамыз.
Алдияр Барысхан,
Жамбыл облысы
arasha.kz