27-10-18 |
1280 рет қаралған
Әблязовтің үстінен қозғалған істе Тоқмади жауап берді.
Таразда Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты Мұхтар Әблязовтің үстінен қозғалған іс бойынша сотта кәсіпкер Мұратхан Тоқмади жауап берді. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Тоқмәди сотта «Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді» деп айыпталған бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің «Тәтішевті өлтіру жоспарын» қалай құрғанын баяндады. Тоқмадидің сөзінше, ол Әблязовті 2003 жылдан бері таниды.

Тоқмади сотта Әблязовпен 2003 жылы Алматыда танысып, бірнеше рет кездескенін айтты.

«Әр кездескен сайын ол Ержан Тәтішевтің өзіне дұрыс нәрсе істемегенін айта берді. Ол банкті, ондағы өз үлесін кез-келген жолмен, қажет болса жазамен қайтарып алмаққа бекінді. Кездесулерде ол бұл іске қатысуды ұсына бастады. Күш құрылымдарында адамдары бар екенін және бас тартсам ісі менімен болатынын айтты. Отбасыма да доқ көрсете бастады. Бір кездесуде барлығын жоспарлап қойғанын, аңшылықта жүргенде оқыс жағдай болған сияқты шығуы тиіс екенін айтты. Ары қарай іс сәтті болып жатса, тергеуде, сотта көмектесемін деді» деп мәлімдеді Мұратхан Тоқмади.

Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот «жазатайым оқиға» деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади «Тәтішевті «ТұранӘлем» банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім» деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттаған.

Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әблязовтің үстінен «банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.

​Осыдан кейін Мұхтар Әблязов Азаттыққа Ержан Тәтішев өліміне қатысты тергеуге және сотқа қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Ол сотқа Тәтішев өліміне қатысы бар деп сотталған Мұратхан Тоқмади келсе ғана отырыстарға видео арқылы тікелей қосылатынын айтқан.​

Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, өзіне қатысты барлық айыптаулардың саяси себебі бар деп санайды. Қазақстан соты Әблязовті «қылмыстық топ құрды» және «ақша жымқырды» деп, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.