14-01-21 |
1770 рет қаралған
«Бұларға сот жоқ па?»: Ашынған аналар Баталовтан көмек сұрайды.
«Бұларға сот жоқ па?»: Ашынған аналар Баталовтан көмек сұрайды

Алматы облысы орталығы Талдықорғанда қос бірдей Ана үйлеріне бір жыл бойы газ қойдыра  алмаған.  Тиісті мекемелерден үміті әбден үзілген Аналар енді мәселені облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өз назарына алса дейді.

Бұл туралы «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық порталы редакциясына қоңырау шалған талдықорғандық Аналар айтып берді. Осы орайда сайттың Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі толық мән-жайды тұрғындардың өз аузынан естіп қайтты.

«Түсінесіз бе, былтыр Амандық Баталов «Газдандыру жылы» деп жариялап еді ғой. Сосын ерте көктемде-ақ – 31наурызда үйіме газ қойдырайын деп мердігер «АЭS and Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен заңды түрде «тапсырыс беруші» болып шартқа қол қойдық. Аталған серіктестік атынан жауапты болған Мадияр есімді жігітке  құжаттарымды беріп, толық қаражатты да өтегенмін. (суретте)

 

Бірақ, бір жыл бойына алдап келеді. Ал аталған ЖШС басшылығына шығайын десем, құжатта серіктестіктің Ақтөбе қаласында тіркелгені жазылған да еш байланыс нөмері жоқ.  Заң қайда сонда? Халық үшін қызмет етуі тиіс әкімдер қайда қарап отыр?», – дейді қалаға қарасты Еркін ауылы Ахажанов көшесінің тұрғыны Қатипа Бұрлыбаева.

Қала тұрғынының айтуынша, тікелей газ беруге жауапты «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамынан комиссиясы әу баста үйіне бір рет келген. Тапсырыс беруші тарапынан тиісті құжаттар тегіс реттелген. Алайда аталған акционерлік қоғамға газ қою  мәселесінде мердігер болған «АЭS and Limited»  ЖШС-і тұрғындардың құжаттарын өткізбепті.

«Мен Мадияр Ерлановпен былтыр маусымның 22-сі шарт жасасқанмын. Газ қою жөнінде. Содан бері қанша рет хабарластық. Еш нәтиже жоқ. Күнде бір сылтау айтады. Міне, бір жыл өтті. Мен мысалы, жалғыз басты Анамын. Жолдасым қайтыс болып кеткен. Шыны керек, барлық қолда бар қаражатымды жиып осы газ тартуға бергендіктен қазір көмір де ала алмай отырмын. Жалақым болса өте аз. Бұл недеген бассыздық? Бұларға сот жоқ па?» дейді Еркін ауылының Гүлмира есімді тағы бір ашынған тұрғыны.

Біз «АЭS and Limited»  ЖШС-і өкілі Мадияр Ерлановқа да хабарластық.

– Біз республикалық «Arasha.kz» сайтынан хабарласып тұр едік. Сіздердің жұмыстарыңызға байланысты тұрғындар редакциямызға арыздануда. Не себепті мердігер компания ретінде тапсырыс берушілердің газға қатысты өтінішін орындамай отырсыздар?

– Ол шаруа қазір шешілуде. Бұны жарияламай-ақ қойсаңыздар болмай ма? Бұл адрес туралы жалғыз меннен емес қой.

-Сіз әуелі себебін айтыңызшы, мәселе неде?

-Себеп  қазір адамдар үлгермей жатыр. «ҚазТрансГазАймақ» бар ғой, сол жақтан үлгермей жатыр.

Бұл – компания өкілі Мадияр Ерлановтың жауабы. Бұдан әрі қойған сұрақтарымызға жауап берудің орнына «Сіздермен қалай сөйлессек екен?» деген «өзгеше» ұсыныстан асқан жоқ өкіл.

Ал ашулы тұрғындар оның бір жыл бойына өтірік айтып отырғанын айта келіп, өздерінің «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшысы Р. ИСМАЙЛОВПЕН де сөйлескендерін, басшының өз кезегінде: «бізге құжаттар келсе, біз жатқызбаймыз. Бірден кезекке сіздерді қосамыз» деп шығарып салма жауап бергенін айтады.  

Осылайша, газ қосып беруге жауапты қос тараптан да қайыр көрмеген қамкөңіл Аналар тікелей биліктік ресурс – қалалық әкімдікке де жүгініп көрген.

«Мен осы мәселені қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлына уацап арқылы  хабарлағанмын. Сонымен бірге, барлық құжаттарымды жібергенмін. Бірақ ол кісіден ешқандай жауап алған жоқпын. Олар неге халықтың пікіріне құлақ аспайды? Айтыңызшы, сонда бізге кім көмектеседі?», – дейді енді ешнәрседен тайынбайтынын жеткізген Қатипа Сқаққызы.

Осы ретте тұрғындар мәселесінде құлақ аспады делінген Талдықорған қалалық әкімдігіне де өз сауалымызды жолдағанбыз. Алайда құзырлы мекеме бұл мәселеде өздерінің жұмысқа тікелей кірісе алмайтынын жеткізді.

 «Газбен қосу мәселесімен бізде Талдықорған қаласында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы айналысады. Сол мекеме өзі бәрін тексеріп, талапқа сай келсе қала тұрғындарын газға қосып береді.  Енді біз әкімдіктің тарапынан тікелей жұмысқа кіріспейміз. Біз тек қана қала тұрғындары арыз-шағым түсірсе, мәселені қарастырамыз. «ҚазТрансГазАймақ» басшыларымен сөйлесіп, олардан сұрап қостыртамыз», – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұр ҚАНАТҰЛЫ.

Қалалық әкімдік әдеттегідей «Қарастырамыз» дегенмен, жыл бойына жыларман болып күткен Аналар «енді сабырымыз таусылды» деп отыр. Сонымен бірге, арыз иелері Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ бұл мәселенің тез арада өз назарына алса деген өтініштерін .

P.S. «Өңірді 57 пайыз газбен қамтып, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтыдық» деген Алматы облысы әкімдігі бұл мәселеге де нақты жауап берсе дейміз.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.