10-10-18 |
1160 рет қаралған
CAS: Серік Қонақбаев AIBA комитетінің шешіміне шағымданды.
Халықаралық бокс ассоциациясының (AIBA) вице-президенті Серік Қонақбаев өзін ассоциация президенттігіне кандидаттар тізіміне енгізбеу туралы шешімге қарсы Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағымданды.

CAS Серік Қонақбаевтың AIBA-ның сайлау жөніндегі комитетінің 1 қазанда жариялаған президенттікке кандидаттар тізіміне өзін қоспауына қарсы апелляциялық шағымын тіркегенін хабарлады.

Қонақбаев Спорттық арбитраж сотынан өзін AIBA президенттігіне үміткерлер тізіміне қосу және AIBA-ға жаңартылған тізімді ассоциацияға мүше барлық ұйымға жолдауын міндеттеу туралы шешім шығаруды сұраған. Ол бұған қоса CAS шағым бойынша түпкілікті шешім шығарғанға дейін президенттікке үміткерлер тізіміне өзін уақытша қоса тұру шараларын жасауды сұраған.

CAS шағым өндіріске алынғанын және уақытша шаралар жасау туралы өтініш бойынша шешім таяу күндері жарияланатынын айтады.

AIBA қазанның басында ассоциация президентінің міндетін уақытша атқарушы, өзбекстандық бизнесмен Гафур Рахимовті ассоциация президенттігіне жалғыз кандидат қылып тіркеген. Бұған дейін ұйым басшылығына кандидат ретінде Рахимовпен қатар ұйымның вице-президенті Серік Қонақбаев та ұсынылған еді. Бірақ ол кандидаттар тізіміне енбей қалған.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Гафур Рахимовтің AIBA президенті қызметіне жалғыз үміткер болып тіркелуіне алаңдап, бокстың олимпиададан алынып тасталуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Гафур Рахимов 2018 жылдың шілдесіне дейін Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің іздеуінде жүрген.

AIBA басшысын сайлайтын конгресс 2-3 қараша күндері Мәскеуде өтпек.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.