Bellingcat зерттеу тобының, The Insider басылымының және ВВС-дің Орыс қызметінің деректері бойынша, Анатолий Чепига ресейлік әскери барлау қызметкері болуы әбден мүмкін. Оның бет-әлпеті Ұлыбритания билігі Солсбериде ресейлік бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға жасалған қастандыққа күдікті деп санайтын «Руслан Бошировқа» қатты ұқсайды.
Қыркүйектің басында Ұлыбритания билігі биылғы наурыздың 4-і күні Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жүйкені жансыздандыратын аса улы зат қолдануға күдікті саналатын екі ер адамның бейнебақылау камерасы түсірген фотосуретін жариялаған. Полиция мәлімдемесінде ол екі адамның Ұлыбритания аумағына «Руслан Боширов» және «Александр Петров» деген ресейлік азаматтарға берілген паспортпен келгені айтылған.
Бұған дейін Bellingcat тобы қазанның 9-ы күні британ парламентінің қауымдар палатасында Солсбериде Скрипальдерге жасалған қастандыққа күдікті екінші адамның шын аты-жөні жарияланады деп хабарлаған.
Қыркүйекте Bellingcat пен The Insider аты-жөні аталмаған дерек көздерінен алынған, «Петров» пен «Бошировқа» қатысты құжаттардың фотокөшірмелерін бірнеше рет жариялаған. Солардың арасында Ресей федералдық миграция қызметінің базасындағы «Петровқа» паспорт берілгені туралы, «Мәлімет берілмесін» деген мөр соғылған құжат пен онда келтірілген Ресей Қорғаныс министрлігінікі болуы мүмкін телефон нөмерін жариялаған. Бұған қоса Ресей азаматы Анатолий Чепиганың «Российский паспорт» жүйесіндегі есеп картасының көшірмесі жарияланған.
Мәскеу Сергей мен Юлия Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы барын жоққа шығарады. Ресей президенті Владимир Путин «Петров» пен «Бошировты» «қарапайым адамдар» деп атап, олардың ісінде «ешқандай қылмыс жоқ» деп мәлімдеген.