arasha.kz

Цифрландырудың шексіз мүмкіндіктері

Öèôðîâîé Êàçàõñòàí

Цифрландыру адам өмірін жеңілдететіне қазір де күнделікті өмірімізде көзіміз жетіп жүр. Мәселен, eGov  мобильді қосымшасы арқылы 9 201 076 қызмет көрсетілсе, Биылғы жарты жылдықта ел тұрғындарына 1 404 197 қызмет көрсетілген. MGov жүйесі іске қосылғалы мобильді қосымша қызметіне жүгініп, оны ғаламтордан iOS арқылы 259 мың, Android платформасында  796791, Windows Phone көмегімен 9500 адам жүктеп алған.

Қазіргі таңда мобильді үкіметтен 56 қызмет түрін алуға болады. Мәселен, баланның тууын тіркеу, ЖСН алу, балабақшаға кезекке тұру сынды қызметті ел аумағында 65 374 адам алған. Және мұның бәрі телефон арқылы жүзеге асқан. СМС хабарландыру арқылы қызмет көрсету жүйесі дәстүрлі телефондардың көмегімен де қажет ақпаратты халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, алуға мүмкіндік береді. eGov платформасын пайдаланушылардың телефон нөмірі тіркелген мобильдік база жоғарыда аталған мақсатты жүзеге асыруға көмектеседі. 4 млн 648 мың 774 азамат тіркелген жүйенің жұмысы жеңіл. 1414 қысқа нөміріне хабарландыру жіберу арқылы өзіңізге қатысты деректі тура телефоннан алуға болады.

Елбасының ұсынысымен жүзеге асып, ел игілігін көріп отырған электронды үкімет жобасының даму кезеңі төртке бөлінеді. Ақпараттық кезең деп аталатын бірінші сатыда электронды үкімет порталы іске қосылып, жүйе жаңа деректермен толықты. Оның ары қарайғы жұмысын қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, халықпен қарым-қатынас орнату тәсілдері бекітілді.  Ақпаратық міндеттердің соңын ала басталған интерактивті кезең халыққа электронды қызмет жобасын таныстырды. Жаңа қолданушылар легі қалыптасып, арнаулы мекемелерде ұзын-сонар кезек күтпестен анықтама алып, үйден шықпай-ақ мемлекеттік органдарға сұраныс жіберетін азаматтардың қатары артты.

Үшінші, транзакциялық кезеңде азаматтар мемлекеттік баж салығын,  алымдар, айыппұлдар және коммуналдық төлем аударымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысымын жандандырып, байқаулар мен тендерлердің ашықтығын қамтамасыз еткен электронды үкімет дамуының үшінші кезеңі цифрлық технологиялардың кеңінен қолданысқа енуі жемқорлық фактілерін қысқартатынын тағы да дәлелдеді. Қазір Қазақстан басынан өткеріп отырған төртінші түрлендірмелі кезеңнің мақсаты – азаматтарға қызмет көрсетудің жылдамдығын арттыру.  Осы бағытта азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу,  жеке куәлік,  төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу қызметтерін пайдалана алады. Күн сайын инновациялық жобалар негізінде жаңа бастамалар қолға алынып, жұмыс істеу механизмі үнемі жетілдіріліп отыратын мобильді үкімет жоғарыда аталған төртінші кезеңнің мақсатын толық жүзеге асыра алады. Өйткені смартфондар мен гаджеттердің қолданысы күннен күнге артып келеді. Азаматтар уақытының көп бөлігін арнайтын мобильді телефондар бұрынғыдай байланыс құралы емес, қашықтықтан міндеттерді орындау тетігіне айналды.

Мобильді үкімет – цифрландыру терминінің күнделікті тұрмысқа дендеп енуімен бірге келген жаңа үрдіс. Ол мемлекет пен халықтың виртуалды байланысын қалыптастырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуды барынша жеңілдетуге көмектеседі. Қазір қолданысы енді ғана дағдыға айналып келе жатқан сервистің аз уақытта халық жиі қолданатын платформаға айналуы Қазақстанды дамыған елдердің көшіне бір табан жақындата түседі.

Exit mobile version