фото: facebook.com/kazatomprom.kz
8 қарашада «»Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жұмысшыларын қанап отыр ма?» деген тақырыппен материал жарық көрген еді. Материал — ұжымдық хат сайттың электронды поштасына келіп түскен. Хатты жіберуші адам бірнеше рет сайттың фейсбуктегі парақшасына бірнеше реті аталған хатты жариялауды өтініп хат та жазған. Сөйтіп хат жарияланғаннан кейін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің қызметкерлері хабарласып, Созақтағы «Таукенэнерго» ЖШС ұлттық компанияның еншілес компаниясына қызмет көрсететін көп компанияның бірі екендігін, ондағы дауға «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қатысы жоқтығын мәлімдеді. Сондай-ақ олар «Таукенэнерго» ЖШС жұмысшылары тарапынан көтерілген мәселеге дер кезінде ұлттық компания жауап бергенін де айтты. Компанияның фейсбуктегі парақшасында Созақтағы сервистік компания жұмысшыларының айтқандарына жауап берілген екен. Төменде ұлттық компанияның аталған мәселеге қатысты жариялаған жауаптарын толық беріп отырмыз. Ал 8 қарашада жарияланған материал редакция шешімімен алынып тасталғанын ескертеміз!
***
«Үстіміздегі жылдың 13-сәуір күні әлеуметтік желілерде «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС-нің бірқатар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Президентіне жолдаған үндеуіне қатысты төмендегіні хабарлаймыз.
2017 жылдың қазан айында «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорыны) өзінің даму бағдарламасына сәйкес «Учаскені жылу және сумен қамтамасыз ету бойынша қызметтер» бейінді емес қызмет бағытын аутсорсингке өткізді. Қызметті аутсорсингке өткізу шарасы толығымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілді. «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС-і кеніштің кәріз жүйесі мен учаскені жылумен қамтамасыз ету қондырғысына техникалық қызмет көрсету бойынша «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС-мен бір жылдық келісім-шарт жасады. Келісім-шартта екінші тарап бұған дейін учаскедегі жұмыстарды атқарып келген «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС-ның 31 қызметкерін 1 жылдық мерзімде жұмыспен қамтып, айлығын сақтап, әлеуметтік міндеттерді орындайды деп көрсетілген. Ол міндеттер толықтай орындалды.
2019 жылдың ақпан айынан бастап қолданыстағы «Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы» талаптарына сәйкес разряд өзгерісіне, және соған байланысты айлық тарифтік мөлшерлеменің қысқаруына байланысты кәсіпорынның бірқатар жұмысшыларының айлық ақысы төмендетілді. Айлық тарифтік мөлшерлемеге қосымша «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС-і ай сайын Еңбек ақысы және материалдық ынталандыру ішкі ережесі мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы қарастыратын барлық төлемақыларды төлейді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлеуметтік жауапты компания ретінде барлық тиесілі іс-шараларды өткізді, аталмыш еңбек дауына қатысты мәселелер 2019 жылдың 15 сәуіріндегі ахуал бойынша өз шешімін тапты» деп жазған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы.
Компания Созақтағы дауға қатысты таратқан келесі бір ақпараттық хабарламасы төмендегідей:
«Әлеуметтік желілерде «Universal Service DDK» ЖШС-ның 9 жұмысшысының еңбек мәселелері жөніндегі уәкілетті орган тарапынан тексеруді бастау туралы өтініші баяндалған бейнеүндеудің жариялануына байланысты «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ келесіні хабарлайды.
«Universal Service DDK» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ — ның еншілес ұйымы – «Орталық» ӨК» ЖШС-мен шарттық қатынастар шеңберінде жұмыс істейтін мердігерлік ұйым.
Бұрын да осы жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қойған түрлі талаптары толық орындалған болатын.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әділдік пен заңдылық қағидаттарын ұстана отырып, жұмысшылардың бастамасын қолдайды және арнайы комиссия құру туралы өтінішпен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінуге, сондай-ақ тексеру жүргізуге көмектесуге дайын» делінген ақпараттық хабарламада.