Дін – діңгек. Сенімді нығайтып, адамды мейірімділікке, имандылыққа, кісілікке тәрбиелейтін асыл дініміздің халықты тәрбиелеудегі орны ерекше. Дінге бағынбаған, діннен безген елдің ертеңі қандай болатынын ұғындырар тарихи жағдайлар аз емес. Соған орай, зайырлы, өркениетті мемлекеттердің өзі халықтың басын қосып, бірлікте ұстаудың, ынтымаққа ұйытудың бір тамыры ретінде дінге көп көңіл бөледі. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар.
Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң 2011 жылы қабылданып, Ислам діні, соның ішінде «Әбу-Ханифа» мәзхабын ұстанатынымыз көрсетілді. Сонымен қатар, еліміздің дін ұстанушыларға оң көзқараста екенін нақтылайтын көріністер аз емес. Мәселен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының елордамызда басқосуы сөзіміздің нақты дәлелі. Елбасы, тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың дін көшбасшылары қатысатын съездерге тұрақты қатысып, пікірталасқа қатысуы діни мәселелерге айрықша көңіл бөлетінін көрсетке керек. Ал мұндай алқалы жиындар бұрын-соңды тек Италияның Ассизи қаласында өткен болатын.
Тұңғыш Президент осы ретте әлем және дәстүрлі дін көшбасшылары арасындағы ұйымдастырылған келіссөздердің өзара ынтымақтастық үшін маңызды екенін, бұл болашаққа кең жол ашып, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізетінін атап өткен еді. Дін мәселесіне ерекше назар аударған елбасы Қазақстан Дін басқармасы басшыларын осы бағыттан ауытқымауға шақырғаны есімізде.
Өкінішке орай соңғы жылдары біздің халқымыздың менталитетіне жат салафиттік, вахабиттік бағыт ұстағандар да кездесе бастады. Нәтижесінде олардың біраз бөлігі бас бостандығынан айырылды. Өйткені теріс жолға түскендер өзімен қоса айналасындағыларға да уағыз айтып, санасын улайтыны шындық. Қазіргі таңда жат ағымдарға үгіттеп, діни сенімге қайшы әрекет жасағандар Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, «Шуақ» кентінде орналасқан ОВ-156/17 мекемесінде жазаларын өтеп жатыр. Осы мекемедегі бөлімнің жедел уәкілі, әділет капитаны Еркебұлан Жолтабаровтың айтуынша, сотталғандарды қоғамға бейімдеу мақсатында қолға алынып отырған шаралар ұшан-теңіз.
Мұндай адамдарды өзге сотталғандармен салыстыру мүмкін емес. Өйткені олардың санасы уланған. Өздері табынған, қолдан әулие жасаған көсемдерінен басқаны мойындамайды, оның сөзі бұлар үшін заңмен пара-пар. Осылай теріс сеніммен өмір сүретіндерді қалыпты жағдайға оралту үшін айлар, жылдар кетеді. Олармен теолог мамандар, аудан, облыс имамдары тұрақты жұмыс істейді. Тіпті коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгеніне қарамастан мұндай тәрбиелік жұмыстар тоқтамады.
Наурыз айынан басталған әлемдік індетке байланысты теолог мамандар өз жұмысын жағдайға қарай бейімдеп, қашықтан жүргізуге кіріскен болатын. Онлайн жұмыс істеудің қиындығына қарамастан намазға жығылған сотталушылармен мекемеде Skype жүйесі арқылы Ислам шарттарының қағидалары және оны күнделікті өмірде дұрыс пайдалану, басқа діни ағымдарға түсіп кетпеу туралы арнайы дәрістер ұйымдастырылуда.
Мұндай іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылып, нәтижелі болуы үшін теолог мамандар мен мешіт имамдары бірігіп жұмыс жүргізіп отыр. Сонымен бірге шараға мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік психологиялық бөлімінің теолог, психолог инспекторлары да бір кісідей атсалысуда.
Бұдан бөлек, мекеме ішінде діни сауатты көтеретін мәліметтерге бай арнайы қабырға газеттері, Мұхаммед пайғамбардың өмірінен хабар беретін қызғылықты парақшалар шығарылып таратылады. Ислам дінін ұстанушы жамағаттар арасында діни мәселелер төңірегінде пікір алмасулар мен диспуттар өткізу де тұрақты жолға қойылған.
Ай сайын дін ұстанушылар арасында ұлттық ой-сана мен рухани ұғымдар, ислам дінінің құндылықтарын терең түсіну және оны күнделікті өмірде іске асыру жайында әңгімелер өткізіліп тұрады.
Осыдан көріп тұрғанымыздай, жат ағымның жетегінде кеткендерді қалыпты өмірге оралту, діни сенімін нығайту бағытындағы жұмыстар ОВ-156/17 мекемесінде тұрақты қолға алынып келеді. Дін мәселесі бойынша теолог мамандардың, имамдар мен психологтардың жұмыс жүргізуі дұрыс жолға қойылған.
Руслан Мәлікұлы
arasha.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024