arasha.kz

Депутат: демография және көші-қон агенттігі қайта құрылсын

Тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелден 100 мыңдап қазағын шақырған Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жеткенде 1426 адамға ғана квота бөлген. Бұл бұрынғы межеден 100 еседей төмен көрсеткіш деген сөз.

Бұндай дабылды жағдай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса жариялаған “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты.

Осы ретте біз Қазыбек Иса жариялаған “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Биыл Тәуелсіздіне 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық санының көбеюінің маңызы зор болып тұрғаны анық. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. Сондықтан да «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіптерінің бірі демографиялық ахуалдың нашарлауы болып табылады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап өткен болатын.

Кейбір сарапшылардың айтуынша шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақстан халқының 38% құрайды. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қауіпі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір  Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі?

 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей төмендеп кеткен? 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліп,  бұрынғы межеден 100 еседей төмендеп, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды?

Бұның бірден бір себебі кезінде көші-қонды жандандырған Көші –қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне  берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, ел ырысын  емес, жан тынышын ойлап отырғандықтан квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, жоғарыда атап кеткендей, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017 -2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған?

Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен  басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек.

Екіншіден қандастарымыздың  Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді.

Ресей, Израиль тб мемлекеттерде Азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз  Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Бізде де ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын  барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс.

Осы Азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде  тағы бір қиын кедергі – шетелдегі Қазақтардың өздерінің Қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр.

Сондықтан «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандастарымызды «жоғалтып алу» қаупі туады.

Қандастарды  әсіресе елдің солтүстігіне  қоныстандыру керек. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге арасы. Ал әкімдік салып беріп жатқан үйлер үшін  7,5 млн талап етеді. Кім баспана алу үшін 40 есе қымбат үйге  ұмтылады?

Шетелдердегі қандастарымызды жүйелі түрде көптеп көшіріп алу, біріншіден, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңызды болып тұрған халық санын арттырады. Екіншіден, қазір кейбір шет елдерде өз тілінде оқи алмай, ана тілі мен ұлттық ғұрыптарынан айрылып қалудан, мысалы Қытайда кейінгі кезде халықаралық аренада сыналып, АҚШ бастаған алпауыт елдер айыптап жатқан саяси қысымға түсуден құтқарады.

Адами капитал мемлекетіміздің басты құндылығы болғандықтан, біз келесі нақты шараларды қабылдауды қарастыру қажет деп санаймыз:

1.Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру;

2. Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықтаърын құру.

3.Қандастарымыздан Азаматтық алу үшін талап ететін тұрақты тіркеуді  жеңілдету жұмысын  бейімдеу-кіріктіру орталықтарына жүктеу;

4.ХҚКО орталығы арқылы ҚР азаматтығын қабылдайтын арнайы бөлім ашылып, бір терезе қағидаты бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік беру.

5.Қазақ екенін дәлелдейтін төлқұжаты болған жағдайда, басы артық құжат талап етпеу керек. Осы арқылы бюрократиялық кедергілердің жолын кесу.

6.Шетелде тұратын этникалық қазақтардың ұлтын айқындау бойынша нақты тетігін белгілеу;

7.Шетелдегі қандастарды елге тарту міндетін – орталық және жергілікті атқару органдарының қызметін бағалау индикаторы ретінде стратегиялық даму жоспарларына енгізу;

8.«Отандастар қоры» қоғамының шетелдегі қандастарды қолдау жобаларын қаржыландыруды еселеп ұлғайту;

9.Қандастарды қабылдау квоталарын 2009-2011 жылдардағыдай жылына 20 мың отбасына дейін ұлғайту;

 

Exit mobile version