Бұған дейін Алматы прокуратурасына сілтеме жасалған ақпаратта 305 қазақстандық шенеуніктің казинода шамамен 506 миллион теңге ақша ұтқызғаны туралы хабар тараған. Арасында қорғаныс министрлігінің – 95 қызметкері бары айтылған еді.
«Олар [қорғаныс министрлігі] қызметкері емес – әскери қызметкерлер. Әрқайсысы бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Қорытындысына қарай шешім қабылданады» деді министр.
Оның айтуынша, құмар ойын ойнаған әскери қызметкерлердің арасында жоғары лауазымды тұлғалар, генералдар жоқ.
«Бұлар орташа құрамдағы әскери қызметкерлер, жоғары лауазымдылары жоқ. Жоғары құрамдағылардың оған уақыты да жоқ, себебі біз әрдайым сыртта жүреміз, жұмыстамыз» деді министр.
Офицерлер «казино ойнайтын ақшаны қайдан алған?» деген сұраққа министр сома көлемі «аса көп болмағанын» айтты.
Ақпаратқа қарағанда, казино ойнағандар арасында ішкі істер министрлігінің – 97, қорғаныс министрлігінің – 95, қаржы министрлігінің – 25, Жоғарғы соттың — 7, қаржы мониторинг агенттігінің — 15, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің — 3, сонымен бірге жергілікті атқару органының — 36 және өзге мемлекеттік органдардың 27 қызметкері болған.
Осыған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің казиноға барғанын растаған. Ал Жоғарғы сот қызметкерлерінің казиноға барғаны жөнінде ақпаратты терістеген. Қаржы мониторинг агенттігі қызметтік тексеріп жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге арналған Этика кодексінде мемлекеттік қызметтің беделіне қатысты тыйым бар. Онда мемлекеттік қызметкерлердің казино орындарына баруына да тыйым салынған.
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024