«Донецк халық республикасы» (ДХР) мен «Луганск халық республикасындағы» (ЛХР) сайлауда сепаратистер лидері Денис Пушилин мен Леонид Пасечник жеңген. Пушилин 62 пайыз, Пасечник 68 пайыз дауыс жинаған. Екеуі бұған дейін кафедегі жарылыс кезінде өлген Александр Захарченко мен отставкаға кеткен Виктор Плотницкийдің орнын басты.
«Ресеймен қарым-қатынасты жалғастыра береміз» деді Донецкідегі сепаратистер басшысы, 37 жастағы Денис Пушилин. «Біз Ресеймен мәдени және әлеуметтік қана емес, экономикалық тұрғыдан да интеграцияға түсеміз. Біз Украинасыз өмір сүруді әлдеқашан үйренгенбіз» деді Пушилин сайлаудан кейін БАҚ алдында алғаш рет сөйлегенінде.
Еуропа Одағы, Украина және АҚШ Донецк мен Луганскідегі бұл сайлауды заңсыз деп атап, оның нәтижелерін мойындамайтындарын мәлімдеген.
2014 жылдың көктемінен бері Украина шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарының біраз бөлігі ресейшіл сепаратистер қолында тұр. Бұл аймақтағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.