Прокурорлар кездесу кезінде «екі жыл ішінде Қазақстан Қырғызстанға сотталған 19 азаматты берді, Бішкек үш қазақстандықты қайтарды» деген ақпарат айтылды.
Қырғызстан бас прокуроры «айыпталғандарды беру ісінде ілгерілеу барын» айтты.
Қожамжаров пен Джамшитов кездесу кезінде трансшекаралық қылмыспен және экстремизм мен терроризммен күресте серіктестікті, ұрланған активтерді қайтаруға бірге ұмтылыс жасау жайын талқылаған.
Биыл Қазақстан сұрауымен Қырғызстаннан эстрадицияланғандардың бірі – Мұратбек Тұңғышбаев. Оны Қырғызстан арнайы қызметі 10 мамырда Бішкекте Қазақстан билігінің сұрауымен ұстаған.
Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевты «экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдайды» деп айыптап отыр. Тұңғышбаев аталған қозғалысқа қатысы жоғын айтып, бұл айыптың саяси астары бар деп мәлімдеген.
21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады.