arasha.kz

Елде дизель бағасы тағы қымбаттайды

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов ОҚК-да өткен брифингте Қазақстанда дизель отынының орташа құны литріне 207 теңгені құрайтынын айтады. Оның мәлімдеуінше, бұл Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерімен салыстырғанда ең арзан баға. Сол себепті шекаралас мемлекеттердің көлік жүргізушілері біздің елімізден дизельді көптеп құйып алады. 

 

«Қазір ішкі нарықтағы баға өте төмен болғандықтан, біз тек қазақстандықтарды ғана емес, жанымыздағы көрші елдерді де арзан отынмен қамтамасыз етіп отырмыз. Барлық транзиттік көліктер Қазақстан аумағында дизельді 1 тоннадан құйып алады. Бұл біздің ішкі сұранысқа кері әсерін тигізуде. Біздің есептеуіміз бойынша дизель отынының ішкі нарықтағы сұранысы айына 50-60 мың тоннаға дейін өсіп кетті», – деді вице-министр.

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов дизель отынының төңірегіндегі мәселелерді айта кетті. 

«Біз зауыттардың өндірісін ұлғайтып, Павлодар зауытының күрделі жөндеуіне дейін жеткілікті қор жинап аламыз деп ойладық. Өкінішке қарай, дизель отынына сұраныс өскен соң, 210 мың тонна ғана қор қалды – бұл шамамен 11-12 күнге жетеді», – деді Мағауов. 

Ол Павлодар зауытының тоқтауы республика бойынша дизель отыны балансына әсер ететінін атап өтті.

«Біз 100 мың тоннаға жуық дизель отынын Ресейден импорттау керек екенін байқап отырмыз», – деді вице-министр.

Әсет Мағауовтың айтуынша, жүк көлік жүргізушілеріне арзан баға тиімді болғанымен, ел экономикасына оның кері әсері тимек. Яғни бюджетке түсетін салықтың көлемі еселеп азаюы мүмкін.

«Егер де шекараларды жауып, дизельмен тек отандық көліктерді қамтамасыз етсек, тапшылықтың болмайтыны сөзсіз. Бірақ біз ашық нарықтағы мемлекетпіз. Сондықтан да біз ақырындап бірыңғай нарыққа келеміз. 2025 жылдан бастап ЕАЭО елдерінің мұнай өндірісіндегі өнімдері бірдей бағада болады. Біз соған келе жатырмыз. Сонда ғана бізде ішкі сұраныс азаяды деп есептеймін», – деді Әсет Мағауов.

Министрлік өкілдері өткен аптада Ресейдегі әріптестерімен келіссөз жүргізген. Соның арқасында Қазақстанға дизель отынын жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Exit mobile version