arasha.kz

ЕО Сенцовті түрмеден дереу босатуға шақырды

Еуропа Одағы (ЕО) Ресейді украиналық режиссер Олег Сенцовті түрмеден дереу босатып, аштығын тоқтатқан оған қажетті медициналық көмек көрсетуге шақырды.

ЕО сыртқы саясат жөніндегі ведомствосы жариялаған мәлімдемеде сонымен қатар Ресей мен аннексияланған Қырымда заңсыз ұсталып отырған Украинаның барлық азаматын босату туралы үндеу айтылады.  Сенцов биыл мамырдың 14-інде аштық акциясын бастағанда Ресейдегі украиналық 64 тұтқынды босатуды талап еткен.

ЕО мәлімдемесінде украин режиссерінің «асқан батылдық пен қайсарлық танытқаны» айтылады. ЕО Ресей билігін Сенцовқа тиісті медициналық көмек көрсетпеді деп айыптайды.

Олег Сенцов адвокаты арқылы таратқан жазбаша мәлімдемесінде түрме әкімшілігі өзін күшпен тамақтандыруы мүмкін болғандықтан 6 қазаннан бастап аштықты тоқтататынын мәлімдеген.

Ресейдің Федералдық жазаны атқару қызметі «Известия» газетіне берген сұхбатында дәрігерлер Сенцовтің денсаулығын бақылап отырғанын айтқан. Оның сөзінше, Сенцов «түрмедегі өмір мен тұтқындар туралы» болашақ фильмінің сценариін жазуға кіріскен. Бірақ оның бұл сөзі расталмады.

Ресей соты Олег Сенцовты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде 2014 жылы ұстап, «теракт ұйымдастырмақ болған» деген айыппен 2015 жылғы тамызда 20 жылға соттаған және жазаны өтеуге қатаң тәртіптегі колонияға жіберген. Құқық қорғаушылар мен Сенцовтың өзі бұл іс қолдан құрастырылған деп біледі.

Соңғы айларда әлемде 100-ден астам мәдениет қайраткерлері, құқық қорғаушылар мен Батыс елдерінің лидерлері Ресей билігінен Олег Сенцовты түрмеден дереу босатуды талап еткен.

Azattyq.org

Exit mobile version