03-10-18 |
2060 рет қаралған
Франция Иран барлау қызметінің активін бұғаттады.
Франция Тегеран арнайы қызметінің «теракт ұйымдастырмақ болғанына» жауап ретінде Иран барлауының екі қызметкерінің активтерін бұғаттады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, француз полициясы Париждегі Иран оппозициясына шабуыл ұйымдастыруға Иран билігі тапсырма берген деп біледі.

Тергеушілер Иранмен байланысы бар адам 30 маусымда эмиграциядағы оппозициялық ұйым –  Иран ұлттық қарсыласу кеңесінің құрылтайында жарылыс жасамақ болды деп топшылайды. Ол құрылтайға АҚШ президенті Дональд Трамптың заңгері Руди Джулиани қатысқан. Бұл іс бойынша Иран дипломаты мен Бельгияның тегі ирандық екі азаматы ұсталған. Олардан қолдан жасалған жарылғыш заттар мен детонатор тәркіленген.

Францияның жоғары шенді шенеунігі шабуылды президент Хассан Роуханидің қарсыластары оның Еуропамен жасалған ядролық келісімді сақтап қалу әрекетіне кедергі келтіру үшін дайындаған болуы мүмкін деп болжайды.

Бірнеше апта бұрын Франция билігі өз дипломаттарына аса қажет болмаса Иранға сапарлап бармауды бұйырғаны туралы ақпарат түскен. Париж Иранға жаңа елші тағайындауды тоқтатып, Тегеранның Франциядағы елші қызметіне ұсынған кандидатына қатысты жауап бермеді. Reuters-тің мәліметінше, бұл жағдайдың Тегеран үшін салдары ауыр болуы ықтимал.

Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қытай Иранмен 2015 жылы АҚШ президенті Барак Обама тұсында ядролық келісім жасасқан. Келісім Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтатып, есесіне Иранға салынған халықаралық санкцияларды жоюы тиіс болған. Билікке келген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды келісім талаптарын бұзды деп айыптап, биыл мамыр айында Вашингтонды келісімнен шығарған.

Бұдан соң Вашингтон Иран мұнайын экспорттауға қатысты санкция салған. Санкция қарашадан бастап күшіне енеді.

Еуропа Одағы елдері, оның ішінде Франция 2015 жылы жасалған ядролық келісімді сақтап қалуды қолдайды.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.