09-12-18 |
1510 рет қаралған
Франциядағы наразылық кезінде 1400-ге жуық адам ұсталған.
​Францияда сенбі күні өткен наразылық акциялары барысында 1400-ге жуық адам, соның ішінде кемінде 970 адам Парижде ұсталған. Бұл туралы Францияның ішкі істер министрі Кристоф Кастанер хабарлаған. Оның мәліметінше, желтоқсанның 8-і күні болған оқиғалар кезінде 118 демонстрант пен 17 құқық қызметкері зардап шеккен.

Сенбі күні Франция көлемінде өткен наразылық акцияларына 125 мыңға жуық адам, соның ішінде Париж қаласында 10 мың адам қатысқан деді министр. Оның хабарлауынша, қажет болған жағдайда полиция күштері жексенбі күні де қоғамдық тәртіпті бақылылайтын болады.

Бұған дейін желтоқсанның 8-інде Париждегі Елисей алаңы маңында полиция мен «сарғылт жилетті» демонстранттар арасында қақтығыс болғаны туралы хабарланған. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда полицияның наразыларға жас ағызатын газ шашып жатқаны бейнеленген. Өрескел әрекетке барған кейбір адамдарды полиция ұстап, олардан бейсбол таяқшалары мен басқа да заттарды тартып алған.

Сенбіде наразылық шерулері Францияның өзге қалаларында да өткен. Елдің солтүстігінде наразылар Еуротоннельге апаратын жолды жапқан.

Бұған дейін билік сенбіде тәртіпсіздіктер болуы мүмкін екенін ондай іс-әрекеттерді басу үшін барлық шараларды қолданатындығын ескертіп, қауіпсіздік шараларын күшейткен. Париж көшесінде тәртіпті қамтамасыз етуге осыған дейінгіден әлдеқайда көп – 8 мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Бүкіл ел көлемінде 89 мың полиция өкілі кезекшілік атқарған.

Парижде Эйфель мұнарасы, Лувр және өзге мұражайлар мен көпшілік баратын сауда орындары уақытша жабылған. Президент сарайына барар жолдарда күзет күшейтіліп, парламент ғимаратының қасына беренді техника қойылған. Елдің бірнеше қаласы мен Монакода өтуі тиіс футбол ойындары кейінге қалған.

«Сарғылт жилеттілер» қозғалысы биліктің жанармай салығын қымбаттатуына қарсылықтан басталған. Кейін Франция билігі жанармай салығын өсіруге мораторий жариялаған, алайда наразылар президент Эммануэль Макронның экономикалық саясатына қарсылық акциясын жалғастыра беретіндерін мәлімдеген. Билік наразылық акцияларын қоздырып отыр деп әсіреоңшыл және әсіресолшыл күштерді айыптайды.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.