arasha.kz

Guardian: Манафорт Ассанжбен бірнеше рет кездескен

Америкалық саяси технолог, президент Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт WikiLeaks сайтын құрған Джулиан Ассанжбен бірнеше рет кездескен. Бұл туралы британдық Guardian газеті өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Басылым дерегінше, Манафорт Ассанжбен кем дегенде үш рет – 2013, 2015 және 2016 жылдары Лондондағы Эквадор елшілігінде құпия келіссөз жүргізген. Ассанж елшілікте бірнеше жылдан бері тұрып жатыр. Ол Эквадордан саяси баспана алғанымен, британ билігі тұтқындауы мүмкін деп қауіптеніп, елшіліктен шықпай отыр.

Guardian дереккөздері келіссөзде не мәселе талқыланғанын айтпайды. Алайда, америкалық барлау қызметі Ресей ұйымдастырған хакерлік шабуыл кезінде ұрланды деген АҚШ Демократиялық партиясының құжаттары WikiLeaks сайтында жарияланған еді. Басылым осыған байланысты Манафорт пен Ассанждың кездесуін Ресейдің АҚШ президенті сайлауына киліккенін тергеп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллер тексеріп көруге болады деп санайды.

Пол Манафорттың заңгері 27 қарашада оның атынан мәлімдеме жасап, Манафорттың Ассанжбен кездескенін жоққа шығарды. Манафорт Guardian газетін сотқа беруге ниеттеніп отыр. Манафортпен кездесуді WikiLeaks те терістеді.

Пол Манафорт Трамптың сайлауалды штабын 2016 жылы бірнеше ай басқарып, сайлауға аз уақыт қалғанда қызметінен босатылған. Қазір ол АҚШ-та қамауда отыр. Манафорт биыл тамызда Вирджиния штатының Александрия қаласында өткен сотта бірнеше қылмысқа, оның ішінде банк операциялары мен салыққа қатысты алаяқтық жасауда кінәсін мойындаған. Қыркүйекте Манафорт АҚШ-қа қарсы қылмыстық сөз байласу және соттың әділ өтуіне кедергі келтіру баптары бойынша айыбын күтпеген жерден мойындаған. Бұл айыптың барлығы Ресейдің АҚШ сайлауына килігуімен тікелей байланысты емес.

27 қараша күні арнайы прокурор Мюллер Манафортты қыркүйекте тергеумен жасасқан келісімін бұзды деп айыптады. Прокурордың сөзінше, Манафорт «бірнеше сұраққа өтірік жауап берген». АҚШ президенті Дональд Трамп бұдан соң Twitter-де Мюллерді сынап, оның тергеуін «мыстан аулау» деп атады.

Azattyq.org

Exit mobile version