arasha.kz

Хашогги өлімі инвесторларға кедергі болмады

Эр-Риядта өткен инвесторлардың халықаралық конференциясында Сауд Арабиясы мұнай-газ және инфрақұрылым салалары бойынша  құны 50 миллиард доллардан асатын 12 ірі келісімге қол жеткізді. Бұл ақпаратты Reuters хабарлады. Экономикалық келісім Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдығында өлген оппозициялық журналист Джамал Хашоггидің ісі тергеліп жатқан тұста жасалып отыр. 

Корольдіктің энергетика министрлігі конференцияға қатысушылар саны бастапқы жоспардан аз болғанын айтқан. Хашогги өліміне қатысты Эр-Риядқа қарсылық ретінде АҚШ, Франция, Нидерланд елдерінің қаржы министрлері мен батыстың ең ірі бес банкінің басшылары конференцияға бармаған. Ал Ресей мен Қытай бастаған өзге елдер шараға келді.   

Бұған қоса, 24 қазанда Хашоггидің өліміне байланысты АҚШ Сауд Арабиясының бірқатар лауазымды қызметкерлеріне виза бермей, оларға санкция салуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал Түркия президенті Режеп Ердоған Джамал Хашоггидің өлімі алдын-ала жоспарланғанын айтқан.  

Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Сауд Арабиясы журналисті Стамбулдағы консулдықтан қашып шықпақ болған сәтте «абайсызда қылқындырып» өлтіргенін мәлімдеген. Ол 2 қазанда консулдыққа құжаттарын рәсімдеу үшін кіріп, қайта шықпаған. 

Azattyq.org

Exit mobile version