arasha.kz

Ингушетияда Шешенстанмен территория алмасуға қарсылық танытып жатыр

Магас қаласында Ингушетия парламентінде Шешенстан республикасымен территория алмасуға қарсылық акциясы өтіп жатыр. Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясының хабарлауынша, акцияға жүздеген адам қатысып жатыр.

26 қыркүйекте Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қос республика арасындағы шекараны бекіту туралы келісімге қол қойған. Келісімде екі республика арасында территория алмасу қарастырылған. Қыркүйектің соңында Ингушетияда бұл келісімге қарсы наразылық акциясы өткен. Белсенділер келісім Ингушетияға тиімсіз екенін айтады.

Қазанның 4-і күні таңертең аймақ парламенті территория алмасу келісімін мақұлдады. Келісімді 25 депутаттың 17-сі қолдады, үш депутат қарсы дауыс беріп, бес депутат қалыс қалды.

BBC тілшісі Елизавета Фохттың хабарлауынша, парламент отырысы кезінде қарулы адамдар жиналған наразы жұртты тыныштандыру үшін әуеге оқ атты.

Жиналған жұртпен сөйлесуге жергілікті депутттар шыққанымен, олар наразы топты сабасына түсіре алмады.

Қазанның 4-інде Ингушетияның конституциялық соты Шешенстанмен территория алмасуға қарсылық танытты. Сот сайтында сот төрағасы Аюп Гагиевтің заң жобасына қатысты пікірі жарияланды. Оның пікірінше, Ингушетия заңдарында республика аумағының бір бөлігін Ресейдің өзге субъектісіне аймақтық референдум өткізбестен бере салуға тыйым салынған.

Бірер күн бұрын Экстремизммен күрес орталығының қызметкерлері Ингушетия тұрғындарына прокуратураның рұқсат берілмеген шараларға қатысуға болмайтыны туралы ескерту қағазын таратқаны хабарланған. 3 қазанның кешінен бастап Ингушетияда интернет өшірілген.

Azattyq.org

Exit mobile version