arasha.kz

Иран «экономикалық қылмыс жасаған» екі адамды дарға асты

Иран билігі 14 қарашада «экономикалық қылмыс жасаған» Вахид Мазлумин мен оның сыбайласын өлім жазасына кесті. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы хабарлады.

Иранда «монета сұлтаны» деген лақап атпен танымал Мазлумин мен сыбайласын Тегеран «қаржы нарығында манипулация жасаған» деп айыптады. Иран полициясы Мазлуминді ұстағанда екі тонна алтын монета тәркіленгенін мәлімдеді. 

АҚШ Иранға санкция салғаннан кейін ел валютасы риал құнсызданып, елде дағдарыс басталған. Кейін Тегеран санкция салдарымен күрес бастап, Иранның жоғары билеушісі аятолла Әли Хаменеидің жарлығымен экономикалық сот құрылған. Бұл сот соңғы бір-екі айда «экономикалық қылмыс жасады» деп айыпталған жеті адамды өлім жазасына кескен. Иранда дарға асу, өлім жазасына кесу сәттерін мемлекеттік арна тікелей эфирде көрсетеді. 

Azattyq.org

Exit mobile version