arasha.kz

Кәсіпкерлерден жалақы көбейгенде бағаны қымбаттатпауды сұрады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазақстандық кәсіпкерлер мен өндірушілерден бюджеттік мекеме қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер жалақысы көтерілетініне байланысты бағаны қымбаттатпауға шақырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Мәжілістегі жиын арасында журналистер министрден «Қазақстанда жалақы көтерілген соң әлеуметтік маңызы бар тауар бағалары қымбаттамай ма?» деп сұрады.

«Бизнесмендерге, ірі және ұсақ сауда желілеріне айтамын. Жалақы көтерілген соң бағаны қымбаттатпауымыз керек. Біз жалақы бұған дейінгі жылдары көтерілмегенін ескеруіміз керек, бізде нақты табыс азайған. Яғни, жалпы алғанда экономика өсті, бірақ халықтың жан басына шаққандағы табысы ұлғаймады. Сондықтан біз оны сәйкестендіреміз» деді Тимур Сүлейменов.

Ол кәсіпкерлерді мүмкін болса бағаны қымбаттатпауға шақырып, «өкілетті органдар бағаның өсуіне қатаң жауап беретінін» ескертті.

«Егер баға күрт, негізсіз қымбаттап, астыртын сөз байласу әрекеттері жасалғанын байқасақ шара қолданамыз» деген министр былтыр көмір бағасын қымбаттатқандардан айыппұл өндіріліп алынғанын айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазанның 5-і күні халыққа жолдауында үкіметке 2019 жылдан бастап елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге көбейтуді тапсырған.

Қазақстанда жалақы көбейгенде әдетте халық көп тұтынатын тауар мен азық-түлік бағалары қымбаттап кетеді.

Azattyq.org

Exit mobile version