Жақсылық Сатылғанов,
Алматы облысы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры:
– Жақсылық Қасабекұлы, біздің елімізде жастардың бәрі жоғары оқуға ұмтылып, арнаулы білім алуға талаптанатындар аз секілді көрінеді. Осы күдігіміз қаншалықты шындыққа жақын?
– Көпке топырақ шашуға болмас. Дегенмен, қазақы тәрбиедегі адамдардың көбінің баласын болсын, болмасын жоғары оқу орындарына сүйрелейтіні рас. Әрине, әркім ұл-қызын биіктен көргісі келеді. Ол түісінікті. Бірақ, баланың нені армандайтынын, кім болғысы келетінін сұрағандар бар ма? Біздің қателігіміз осында. Ұл-қызының қабілетіне қарамайтын, қандай мамандықты қалайтынын ескермейтін ата-аналар баласының сәтсіздігіне, оқу орта жолдан тастап кетуіне, жұмысты ынтасымен істемеуіне тікелей жауапты. Кінәлі дегеніміз де дұрыс. Өйткені, өзі қаламаған оқуды әке-шешесін жерге қаратпау үшін бітірген балаға өмір бойы көңілі сүймейтін ортада жұмыс істеу жеңіл емес. Соның кесірінен дипломы бойынша жұмыс істемейтіндер, немесе дипломды жұмыссыздар қатары өсуде. Өзіңе жақын мамандықты игеру үшін міндетті түрде жоғары оқу орнына түсіп, бес жыл білім алудың керегі жоқ. Қоғамға жоғары білімді мамандармен қатар, арнаулы кәсіпті меңгерген мамандар да қажет. Тіпті, мұндай мамандықтарға деген сұраныс та жоғары, олардың алатын айлығы да төмен емес.
– Кәсіпке бейімдейтін колледждер аз емес. Олар халықтың сұранысынан шығып отыр ма?
– Кәсіптік білім нәсібіңді табудың төте жолы. Мұны Елбасымыз әр Жолдауында қадап айтып, жастардың белгілі бір кәсіпке бейімделуіне жағдай жасау керектігін бағдар етіп келеді. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында: «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын. Қазақстандық жас азаматтар! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновациялардың күні туған заман… Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от жалынының жанында тұрдым», деп жастарға үндеу тастай отырып, кәсіптік білім беретін оқу орындарына да қолдау көрсететінін жеткізді.
Шынында, кәсібіңді табуға жол ашатын кәсіптік білімнің орны ерекше. Мұны соңғы жылдары жастар да, олардың ата-анасы да түсіне бастады. Алысқа ұзамай-ақ, өзіміздің колледждегі бүгінгі жағдайды айтсам жеткілікті. Білім ордасынан кәсіп меңгеріп шығуға ниет етушілер қатары жыл санап өсуде. Біз де өз тарапымыздан қоғам қажет етіп отырған сапалы маман дайындауға бар күшімізді салып отырмыз.
– Сұранысқа сай маман дайындау – нарықтық заңның талабы. Сол сұранысқа жауап бере алмағандықтан болар, жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың өзі жұмыс таба алмай жүргенін көзіміз көріп отыр. Ал сіздерде бітірушілері жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілген?
– Нарықтың талабы қатал. Бізде Жоғары оқу орындары ғана емес, кәсіптік колледждердің саны да аз емес. Бірақ, біз әр талапкерге табыс әкелуші, материалдық игілік беруші деп емес, елдің гүлденуіне үлес қосушы деп қарауымыз керек. Колледжге көбірек адам тартуды ойлаған, әрине, дұрыс. Бірақ, оның ар жағындағы батпандай жауапкершілік те ұмыт қалмауы тиіс. Өйткені, біз талапкерді өзімізге шақырып, оқытқан соң оның келешегіне, өмірден өз орнын табуына, жұмыссыз қалмауына тікелей міндетті екенімізді жете түсінуіміз шарт. Сондықтан, колледжде жаңа мамандықтарға оқыту, қабылдайтын бала санын анықтау кезінде қоғамдағы сұраныс арнайы зерттеледі. Қандай мамандар жетіспейді, олардың табысы қандай? Біздің мамандар бәсекеге қабілетті болуы үшін нені көбірек, қандай пәндер азырақ оқытуымыз керек? Теория мен тәжірибені шыңдауға неге мән берген жөн? Осы секілді сұрақтардың барлығы терең талданады. Содан кейін ғана оқу бағдарламасы түзіліп, сапалы білім берудің негізі қаланады.
Қазіргі кезде біздің колледжді бітіріп, мамандығының мақтанышы болып жүрген шәкірттеріміз аз емес. Алдағы уақытта да халықтың таңдауы біздің шәкірттерімізге түсеріне сенім мол.
– Азаматтардың белгілі бір кәсіпті игеріп шыққаны дұрыс. Оған мемлекеттің де мүдделік танытып отырғаны байқалады. Ал енді осы мамандарды дайындайтын ұстаздардың біліктігі талапқа сай ма?
– Баланы оқыту, білім беру, қабілетін ұштай – оңай шаруа емес. Оның үстіне, біздің колледжде 9-шы, 11-ші сыныпты бітірген балалар білім алады. Мектеп бағдарламасын аяқтаған балалармен тіл табысу, салаға бейімдеу жеңіл. Ал, 9-шы сыныптан кейін келгендер алдымен мектеп бағдарламасын аяқтап, соңынан таңдаған кәсібіне сай дәріс алады. Және бұл кезде олардың алып-ұшып, мінездері орнықпай тұратын сәті. Сондықтан, мамандарды таңдаған кезде жастармен тек білікті ұстаз ретінде емес, психолог ретінде де тез тіл табыса алуына мән беріледі. Колледжде жұмыс істеп жүрген мамандардың барлығы өз саласының білгірі. Осында жұмысқа орналасу үшін олар арнайы сынақтан өткен. Жалпы, мамандарды жұмысқа алар кезде ең алдымен тәжірибесінің барын, кәсіп бойынша теорияны нақты өмірде сынап көргенін назарда ұстаймын. Өйткені, оқу орнында алған білімнің тәжірибемен қабыспайтын тұстары аз емес. Сонымен бірге, мұғалімдердің үнемі білімін жетілдіріп отыруына, ізденуіне жағдай жасаймын. Колледж басшысы болғандықтан, ұстаздардың сабағына арнайы кіріп, сыннан өткізетінім бар. Сондайда өзін жақсы жағынан көрсеткен, әр жаңа сабақты заманауи технологиялардың көмегіне сүйене отырып, терең түсіндіре білген мамандардың тәжірибесін көпшілікке үлгі ететін дағдым бар. Бір жағынан бұл ізденімпаз ұстаздың еңбегін бағалау болса, екінші жағынан өзге ұстаздардың да алға ұмтылуына ынталандыру, қамшылау деп түсінген жөн.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Перизат Омарова
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024