Қарағандыда полицейлер мен қоқыс таситын көліктің арасында киноға бергісіз қуғын болды. Оқиға 30 маусым күні Сәтбаев көшесінде тіркелген.
E.Karaganda басылымының хабарлауынша, патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған қоқыс таситын көлікті тоқтатқан. Алайда 56 жастағы жүргізуші тәртіп сақшыларымен тілдесудің орнына, біреуін итеріп жіберіп, қашып кетуге тырысқан.
Ең қызығы – ол бұл әрекетін қызметтік көлікпен жасап, мас күйде рөлге отырған.
Көлікті қуу операциясы қала көшелерімен жүріп отырып, Приканал көшесінде орналасқан кәсіпорын кеңсесі маңында аяқталған.
Құқық қорғаушылар ер адамды ұстады. Медициналық сараптама оның мас күйде болғанын растады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал көлік айып тұрағына қойылды.
Материалдар сотқа жолданды.