arasha.kz

Керчьте ұсталған украиналық бірнеше теңізші қамалды

Ресей аннексиялап алған Қырым соты Керчь бұғазында тұтқындалған Украинаның үш теңізшісін екі айға қамады. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.

Қамалғандар – Ресей шекарашылары зақымдаған «Яны Капу» буксирінің экипаж мүшесі Виктор Варемеза, «Никополь» бронды шағын артиллериялық катерінің матросы Сергей Цыбизов пен аға матросы Андрей Опрыско.

Ресей соты украин теңізшілерін Ресей шекарасын «топ болып, күш қолданып, немесе қоқан-лоқы жасап заңсыз кесті» деп айыптады. Бұл айып бойынша алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына «заңсыз кірді» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, Ресей әрекетін «бассыздық» деп атаған.

Ресей шекарашылары барлығы 24 украин әскери қызметкерін ұстаған. Олардың 12-сі сотқа әкелінді. Әр қилы мәлімет бойынша, кемелерді атқылап, соғу кезінде алты теңізші жараланған. Олар Керчьтегі әскери ауруханада жатыр.

Украина парламенті жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдады.

Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.

Azattyq.org

Exit mobile version