Осы уақытқа дейін Голливудтың үздік фильмдерінің қазақ тіліне дубляждалып, прокатқа шыққандары көрерменге ыңғайсыз уақытта, әрі өте аз көрсетіліп келе жатыр. Мұны «көрермен құқығын бұзу» деп есептейтін бір топ белсенділер қарашаның соңында «Киноны қазақша көргім келеді!» петициясын бастады. Петицияны қолдағандар көптеп табылып, осы уақытқа дейін петицияға 2000-нан аса адам қол қойып үлгерді.
Көрермен қарсылығына түрткі болған прокатқа шыққан «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің қазақ тіліндегі көрсетілімі орыс тіліндегі көрсетілімінен аз болуы және фильмнің әдеттегідей көрерменге ыңғайсыз уақытқа қойылуы еді.
«ҚАЗАҚТАР ДА КИНОТЕАТРҒА БАРАДЫ!» деп жазған журналист, блогер Бэлла Орынбетованың фейсбук парақшасына жазған жазбасы көпшіліктің назарын аударды. Журналист орыс тілді аудиторияға да сөзім жетсін деген болуы керек, постын орыс тілінде жазған. Жазбада ол, «Ralph Breaks the Internet» «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің қазақ тіліндегі премьерасын бұрыннан күтіп жүргендерін, Астанада өтетін сеанстарын толық қарап шыққанын айтады. Бэлла мультфильмнің қазақ тіліне аудармасы мен дубляжына көңілі толатынын да жазған. «Алайда біздің кинотеатрлардың қожайындары мен әкімшіліктері қазақ тілді балалар кинотеатрларға бармайды немесе төлем қабілеттері төмен деп есептейді ме екен?!» -деп наразылығын білдіріп, Астанадағы барлық кинотеатрлардағы «Ральф интернетке қарсы» мульттоптамасының орыс және қазақ тіліндегі көрсетілімін салыстырып, көрсетіп, мультфильм қаладағы кинотеатрларда кемінде 10 рет орыс тілінде және бар жоғы 1-2 рет қана мемлекеттік тілде көрсетіліп жатқандығын тізіп жазған.
Бэлла Орынбетованың бұл жазбасын көпшілік қолдады. Себебі қазақ тіліне аударылып, дубляждалған Голливуд фильмдері аз көрсетіледі және ыңғайсыз уақытқа қойылады деп шағымданғандар бұған дейін де талай болған.
«Ағылшын тілін үйрену үшін не істейміз? Ағылшын тілінде музыка тыңдаймыз, кино көреміз. everybody, My heart, I’ll be back, winter is coming… Hey, guys! Қайдан естідік бұл сөздерді? Егер жылына 3-4 рет прокатқа қазақ тілінде шығатын киноның өзін қазақ тілінде көре алмасақ неткен сорлы халық едік?» -деп басталатын журналистің келесі посты Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға, көрермен құқығын талап етуге шақырып, петицияға қол қоюға үндейді.
Петицияға қол қою әлі жалғасып жатыр. Онда былай жазылған:
«Біз Қазақстан аумағындағы барлық кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған кинотуындыларды халыққа ыңғайлы уақытта және өзге тілде көрсетілетін фильмдерден кем емес жиілікте көрсетілуін талап етеміз. Қазіргі уақытта кинотеатрларда фильмдердің қазақ тіліне дубляждалған сеанстары прокаттағы фильмнің 10% жетпейді. Сонымен қоса, қазақ тіліндегі сеанстар таңғы және түскі уақыттарда ғана көрсетіледі. Бұл біздің тұтынушы ретінде ақпаратты қазақ тілінде алу құқығымызды бұзады.
Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңының 28-4 бабында былай деп жазылған: 1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. 2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс.3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс.
Сондықтан кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді өзге тілдегі сеанстардан кем қоймауға және прайм таймда көрсетуге міндеттелуі тиіс».
Біз Алматыдағы ең ірі сауда, ойын-сауық орталығы Апорттағы «Star Cinema» кинотеатрының әкімшілігіне хабарласқан едік. Себебі бұл кинотеатрда «Ральф интернетке қарсы» мультфильмі күніне 13 реттен көрсетіліп жатса, оның оны орыс тілінде, тек үш рет қана қазақ тілінде шығып жатыр.
Кинотеатр әкімшілігі қазақ тілінде көрсетілетін фильмдерге ешкім келгісі келмейді деген уәж айтты.
-Қазақтардың өздері қазақша кино көргілері келмейді. Біз билет сатуымыз керек. Сондықтан орыс тілінде көбірек көрсетеміз, -дейді «Star Cinema» әкімшілігі.
Ал мультфильм қолайсыз уақытта көрсетіледі деген шағымға қандай уәж айтасыз? – дегенімізде, «Star Cinema» өкілі:
-Басқа кинотеатрға барыңыздар!-деп жауап берді.
Алайда қазақ тіліне аударылып, дубляждалған Голливуд мультфильмін көре алмай құқығы бұзылып отырғанын айтып, шағымданып жатқандар әлеуметтік желілерде әлі де табылып жатыр.
«Бүгін «Ральф интернетке қарсы» мультфильмін қазақша көргіміз келді. Бірақ біз барған «Евразия» кинотеатрында тек түске дейін ғана 1-2 сеанс – қазақша, ал күндізгі көп сеанстың бәрі – тек орысша. Неге балалар өз елінде өз тілінде қолайлы уақытта мультфильм де көре алмайды?» -деп жазыпты фейсбук қолданушы Айжан Көшкенова.
«Ральф интернетке қарсы» мультфильмі әлі жалғасып жатыр. Ал петицияның жарияланғанына 5 күн болса да еш бір кинотеатр әлі кестелеріне өзгеріс енгізе қойған жоқ.
arasha.kz
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024
-
04.11.2024