19-11-18 |
2080 рет қаралған
Латвия Ресей империясынан тәуелсіздік алғанын атап өтіп жатыр.
Латвияда елдің Ресей империясынан тәуелсіздік алғанына 100 жыл толғанын атап өтіп жатыр. 18 қарашада Ригада Эстония, Литва, Финдяндия және Исландия президенттері Латвия президенті Раймондс Вейониспен бірге Еркіндік монументіне гүл шоқтарын қойып, әскери парадты тамашалады.

Мемлекет басшылары сонымен қатар Латвия ұлттық театрында өткен шараға қатысты. Бұл театрда 100 жыл бұрын Латвия тәуелсіздігі жарияланған.

«Өткен 100 жылда біз тәуелсіздік үшін соғысып, өз тағдырымызды өзіміз анықтау еркіндігімізді қорғап қалдық. Бүгінде біз еліміз қол жеткен жетістіктерді мақтан тұтамыз» деді Вейонис үндеуінде.

Латвия Эстония және Литвамен бірге 1918 жылға дейін Ресей империясының құрамында болған.

Балтық теңізінің бойында орналасқан бұл үш ел 1940 жылға дейін тәуелсіз болып, сол жылы оларды ССРО аннексиялап алған. АҚШ аннексияны мүлдем мойындамаған.

Жиыны алты миллион ғана халқы бар үш ел 1991 жылы қайтадан тәуелсіздігін алып, 2004 жылы Еуропа Одағы мен НАТО-ға қосылған.

Балтық бойы елдері Ресей 2014 жылы Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алып, Донбасстағы қақтығысқа киліккен соң Мәскеудің аймақтағы саясатына алаңдай бастаған.

Былтыр НАТО Латвия, Литва және Эстония мен Польшаға Ресейден төнетін ықтимал қауіп-қатерге қарсы тұруға төрт батальонын орналастырған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.