ВВС-дің хабарлауынша, 55 жастағы Гаджиеваны Әзербайжан үкіметінің сұрауы бойынша өткен аптада қамауға алған. Әзербайжан құқық қорғау органдары Замира Гаджиеваға «ұрлық жасады» деген айып таққан.
Ақпаратқа қарағанда, Ұлыбританиядағы Вестминстер магистрат соты «Гаджиева белгілі бір шарттар арқылы кепілмен босатыла алатыны» жайлы қаулы шығарған. Алайда прокурорлар соттың бұл қаулысына қарсылық түсірген. Гаджиева қарсылық қаралатын күн – қарашаның сегізіне дейін қамауда қала береді.
Замира Гаджиеваның кеүйеуі Жахангир Гаджиев 2001-2015 жылдары «Әзербайжан халықаралық банкі» басқару кеңесінің төрағасы болған. 2016 жылы «алаяқтық жасады, мемлекет қаржысын талан-таражға салды, мемлекет қазынасынан миллиардтаған доллар жымқырды» деп айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған қоса Гаджиев 29 миллион доллар көлеміндегі қаржыны мемлекетке төлеуге міндеттелген. Жахангир Гаджиев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Гаджиевтың әйелі Әзербайжаннан кетіп, «инвестор визасы» арқылы Ұлыбританияда тұрақты тұруға мүмкіндік алған. Кейіннен Лондонның ірі дүкендерінің бірінде миллиондаған долларға сауда жасап жүріп, «заңсыз ақшаны әшкерелеу туралы» Ұлыбританияда қабылданған жаңа заңның басты нысанына айналған.