Бұл сұрақ қазір Белорусь қоғамын да халықаралық қауымдастықты да алаңдатып отыр. Белорусьтегі саяси жағдай шиеленісіп тұр. Александр Лукашенко билігін әлемнің көптеген елдері қоғаммен диалог жасау шақырып отыр. Бірақ Лукашенко көнер емес. Ол оппозициялық күштердің үйлестіру кеңесін «билікті басып алмақшы» деп кеңестің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ал өзі кеше Минскідегі Тәуелсіздік сарайына тікұшақпен қонып, әскери киімде, қолына автомат ұстап шықты. Оның бұл әрекеті ел ішін және Белорусьтегі жағдайды бақылап отырған шет мемелекеттерді тіксінтіп тастады. Осыдан соң Лукашенко халқына қарсы оқа ата ма деген сауал туды.
Жалпы Белорусьтегі әр жылдардағы президент сайлауы митингісіз өтпеген. Бәрін де Лукашенко президент сайлауына түскен қарсыластарын түрмеге тоғытып отырған. Олардың көбі түрмеден шыққан соң, елден кетіп тынған. Лукашенко қазір де сол баяғы әдісін қолданып, саяси қарсыластарын КГБ-ның түрмесін жауып, Тихановскаяны елден бездіріп жіберді. Бірақ ол екі аптадан бері жалғасып жатқан халық қарсылығына төтеп бере алмай келеді.
Әр жолы түрлі сылтау тауып, ел ішіндегі жағдайды сыртқы күштердің ісі деуден тайынбайтын Лукашенко өткенде сыртқы күштер жайлы кезекті ертегісін айтып «Белоруське сырттан қауіп төніп тұр» деген еді. Іле шала Балтық жағалауындағы Белорусьтің көршісі Литва президенті және НАТО Белорусьпен шекарада ешқандай әскери қимыл жүріп жатпағандығын, олардың елдің ішкі ісіне араласпайтынын мәлімдеді. Бұған Лукашенко ләм демеді.
23 тамызда Белорусьте халық маршы өтіп, Белорусьтегі жағдайдан хабар таратып отырған telegram каналдар 250 мыңдай адам жиналғанын айтты. Ал Лукашенко билігі болса, маршқа 20 мыңдай адам шықты деп хабарлады.
Тағы бір мәселе. Бейбіт шеруге шыққандарды соққыға жығып, тергеу абақтыларына қамаған соң да ұрып-соққан ОМОН мен милицияның әрекетін әлемнің көптеген елдері айыптап, бейбіт адамдарға қарсы күш қолдануды дереу тоқтатуға шақыруда. Ал Лукашенко халықтан «артық әрекетке барған болса, милицияны кешіруді» сұрап, соққыға жығылған адамдардың тарап жатқан суреттерінің көбін фейк деп атады.
Белорусьтегі саяси жағдайдың шиеленісуі экономика мен қаржы, банк саласына әсер етуде. Қазіргі жағдайда елдің экономикалық жағдайы нашар деуге болады. Мұны сарапшылар да айтып жатыр.
Осылайша, Белорусьтегі жағдай әлемнің көз алдында тұйыққа тіреліп тұр. Лукашенко биліктен өлсе де айырылмайтынын ашық көрсетті және қоғаммен диалогқа отыруға әлі күнге дейін ынта танытпады. Кейінгі күндері күштік құрылымдарды аралап, күш құрылымдарының басшыларымен кездесуі жилілеген Лукашенко халыққа қарсы оқ атып, Белорустьті азаматтық соғыс жағдайына апармай ма деген ауыр сұрақ бәрін де ойлантып отыр. Әлде Лукашенко АҚШ, ЕО, Ресей, Украина және Балтық жағалауы елдерінің айтқанына құлақ асып, қоғаммен диалогке келе ме? Бұл сұрақтың әзірге жауабы жоқ.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024