Ұлыбритания парламенті 11 желтоқсанда елдің Еуропа Одағынан шығуы жөніндегі келісімге дауыс беретін болды. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің мәлімдеуінше, дауыс бермес бұрын депутаттар бес күн келісімді «егжей-тегжейлі зерттеп, сайлаушылардың құжатқа қатысты пікірін тыңдайды».
Еуропа Одағындағы 27 мемлекеттің басшылары 25 қарашада Брюссельде өткен кезектен тыс саммитте Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуы туралы келісімді қолдаған. Келісім жобасы 13 қараша күні мақұлданған. Саммитте Brexit-тен кейінгі Еуропа Одағы мен Ұлыбританияның қарым-қатынасын реттейтін саяси декларацияға қол қойылған.
Ұлыбритания Еуропа Одағынан 2019 жылдың 29 наурызында толық шығып кетуді жоспарлап отыр.